Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық кепілдіктің маңызды құралы - сот актілерінің орындалуымен тікелей байланысты. Айта кетерлігі, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның сот актілерінің орындаушылық деңгейі де, оның сапасы мен тиімділігі де отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын еді.
Оның үстіне бұл әділ сын болатын. Өйткені, осыдан 5 жыл бұрын сот орындаушының мәртебесі төмен, жалықысы мардымсыз, материалдық-техникалық қамтылуы жоқтың қасы, ал түсетін жүктеме адам төзгісіз еді. Салдарынан тоқырауға ұшырай бастаған сот орындаушылар қызметінен білікті мамандар кете бастаған. Алайда, соңғы бес жылда сот орындаушылығы саласындағы реформалар бұл салаға қайта жан бітіргендей болды. Ал Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы түбегейлі реформалар аясындағы 27-і қадам жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуды қарастырған болатын.
Осы бағытта былтырғы жылы арнайы заң қабылданып, Қазақстандағы жеке сот орындаушыларының өкілеттіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылардың құзыретіне мемлекеттен өндіріп алу, одан әрі мемлекет пайдасына 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы өндіріп алу туралы құжаттарды, мемлекет мүддесінде жүргізілетін үйден шығару, бұзу, жер учаскелерін алып қою туралы құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттардың барлық санаттары берілді.
Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы жеке сот орындаушыларының саны 1 200-ді құрайды, бұл 2015 жылғы 1-тоқсанымен салыстырғанда 2 есеге көп, ал жеке орындау саласындағы көмекшілерді есепке алғанда, жалпы 4 мыңға жуық адам осы салада қызмет етеді. Осылайша, тек Алматыда - 173, Астанада - 138, Оңтүстік Қазақстан облысында - 120, Қарағанды облысында - 116 жеке сот орындаушысы тіркелген. Яғни, республиканың орташа алғанда шамамен 20 мың тұрғынына бір жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш еуропалық стандарттарға да сай келеді.
«Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1-тоқсанда жеке сот орындаушыларының орындауында 924 мың іс жүргізу бар болатын. Бұл мемлекеттік сот орындаушыларындағы істер санынан шамамен 300 мыңға көп. Оған қоса, жаңа заңнамалық өзгерістердің өзі олардың жұмыс көрсеткіштерінің анағұрлым тиімді екенін көрсетті. Мәселен, ағымдағы жылғы 3 ай ішінде мемлекеттік сот орындаушыларына қарағанда жеке сот орындаушылары сот актілерін 4 млрд. теңгеге көп өндіріп алды», - дейді Әділет министрі. Оның айтуынша, егер бұрын жеке сот орындаушылары коммерциялық пайдалы іс жүргізуді ғана орындауға қызығушылық білдірсе, қазір істердің басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар санаттарын орындауға, атап айтқанда, алимент өндіріп алуға бағытталған. Өйткені, осындай істерді орындағаны үшін ақы төлеу бюджет есебінен көзделеді. Осының арқасында соңғы жылдары алимент мүлдем төленбеген құжаттардың саны айтарлықтай, атап айтқанда 76 пайызға төмендеді, яғни 15 мың құжаттан 3 жарым мыңға дейін азайып отыр.
«Жалпы алғанда еліміздегі реформалар нәтижесінде жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту үшін берік негіз жасалды. Сонымен қатар, бұл салада әлі шешімін табуы тиіс мәселе де бар. Айталық, сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыруда тиісті түрде ұйымдастырылған прокурорлық қадағалаудың маңыздылығы бар екені сөзсіз. Мысалы, 1,5 мың іс жүргізуге бір талап қойылса, оның барлығын прокурорға ұсынып, түсініктеме беру қажет. Бұдан басқа, үнемі ауызша түрде ақпарат беру талап ете отырып, оған тығыз мерзім, яғни бір сағат қана уақыт беріледі. Осыған орай, Әділет министрі ретінде мен Бас прокурорды Ұлт жоспарының 27-қадамын орындау үшін атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада қабылданған көптеген өзгерістерге байланысты мәселелерді қайта қарауды сұрайтын боламын», - дейді Берік Имашев.
Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров «100 нақты қадамның» 27-і қадамы бойынша елімізде жеке сот орындаушылары институты толық қалыптасқанын, тұтастай алғанда, олар қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отырғанын алға тартады.
«2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, жеке сот орындаушылары институтына көптеген атқарушылық құжаттар, оның ішінде алименттерді, жалақы бойынша берешектерді өндіріп алу және басқалары сияқты әлеуметтік маңызы бар істер санаты өтті. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында жеке сот орындаушылары 80 пайыздан астам атқарушылық іс жүргізуді қозғады. Бүгінгі күні олардың «қоржынында» 1 млн-нан астам іс бар», - дейді Н. Әбдіров. Оның келтірген мәліметіне қарағанда, егер өткен жылдың бірінші тоқсанында 45 мың іс жүргізу нақты орындалса, ағымдағы жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш екі еседен көп, 106 мыңға дейін өсті.
«Жеке сот орындаушылары негізін құрайтын жаңа модельге көшу мемлекеттен олардың санын арттыруды ғана талап етпейді. Өйткені, осы кәсіптің функционалдық тиімділігі мен коммерциялық тартымдылығы арасында үйлесімді теңдікке қол жеткізу барынша маңызды. Өзін-өзі қаржыландыру, төлемдер жасамау, борышкердің банкрот болуы, заңнамалық шектеулер және көптеген басқа да факторлар жеке сот орындаушыларының қызметі үшін кәсіптік тәуекелдер тудырып отырғанын да ескеруге тиіспіз. Аталған олқылықтар сот орындаушылық қызметі нарығының тартымдылығы мен оның дамуына әсер етеді», - деп тұжырымдайды депутат Н. Әбдіров.
Оның айтуына қарағанда, жеке сот орындаушыларының әлеуметтік қолдау мәселелері де назар аударуды керек етеді. Мәселен, аяқталған істердің 40-45 пайызы бойынша ғана жеке сот орындаушысының шығындары өтелген. Яғни, әрбір екінші аяқталған атқарушылық іс бойынша жеке сот орындаушысының қызметі ақталмайды деген сөз. Сондықтан да депутат алдағы уақытта жеке сот орындаушыларының жұмысын одан әрі жетілдіру қажет деп санайды.
«Жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру - бұл жаңа институттың табысты болуына апаратын жол. Статистикалық деректерге сәйкес, 2016 жылдың бірінші тоқсанында республикадағы соттарға азаматтардан сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту туралы 1803 арыз, оның ішінде жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне 281 арыз келіп түсті. Алайда, сот олардың бәрін бірдей негізді деп танымаған. Дегенмен, халық тарапынан келіп түсетін шағымдар санының салыстырмалы түрде аз болуы жеке сот орындаушыларын жұбатпауға тиіс. Керісінше, өтініштерді талдау олар үшін маңызды ақпарат көзі, жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру жөніндегі күнделікті жұмыс үшін материал болуға тиіс», - деп түйіндейді ол.
Бұдан бөлек, депутат жеке сот орындаушылары үшін жалақы мен алименттер бойынша берешектердің әлеуметтік маңызды санатын орындауға байланысты ахуал бұрынғыша өзекті болып қала беретінін алға тартады. Жоғарыда айтылғанындай, ағымдағы жылдан бастап бұл санат жеке сот орындаушыларының айрықша құзыретіне жатқызылған болатын.
«Тұтастай алғанда, сот орындаушыларында 242 мыңнан астам алимент істері жатыр, оның ішінде жеке сот орындаушыларында - 23,4 мың, мемлекеттік сот орындаушыларында - 219 мың іс бар. Бұл ретте, 12 мыңнан астам ата-ана алимент төлеуден қасақана жалтарып жүр деген сөз. Өкінішке қарай, алименттерді қасақана төлемеушілердің басым көпшілігінің кез келген жазадан қашу практикасы қалыптасқан. Алайда, проблеманың осыншама өзектілігі барлық уәкілетті органдардың осы мәселеде бірыңғай тергеу және сот практикасын әзірлеуін талап етеді. Ал әзірше, бұл мәселе сот орындаушылары мен жалғыз өзі балаларын бағып-қағып отырған анадан басқа ешкімге керек болмай отыр», - деп атап өтеді Н. Әбдіров.
Шындығында, алимент мәселесіне келсек, осы бір күрделенген, қордаланған проблеманы шешу үшін жеке сот орындаушыларына берілген өкілеттік бір жағынан қоғамның әлеуметтік күйзелісін шешу үшін болса, екінші жағынан мемлекетке көмектесуі үшін жасалған қадам секілді. Ендеше, бұл істе жеке сот орындаушыларының тиімділігін әрі қарай да дамыту маңызды болмақ.