Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдерінің мемлекет басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Шарт талабының орындалуын қалайды. Халықаралық қауымдастықтың алдындағы маңызды міндет жаһанды жаппай қырып жоятын қарудан сақтандыру деп біледі.
Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Армения мен Беларусь президенттері осындай ортақ мәлімдеме қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің көшбасшылары аймақтағы қауіпсіздік жайын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ұйым аясындағы ортақ міндетіміз аймақтағы қауіпсіздікті, бейбіт, тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен ашық диалогқа дайын. Біз бүгін қабылдайтын шешімдер өзара әскери әріптестікті тереңдетуге мүмкіндік береді.
Аймақтағы тыныштыққа Ауғанстанмен шекарасы шектес Тәжікстан ерекше алаңдап отыр. Ел президенті Эмомали Рахмон күзетті күшейту керек дейді. Сондықтан ұйым Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы тәртіпті бақылауға алады. Ұжымдық күштер бұл елге көмекке келеді. Ұйымға төрағалық тізгіні де келер жылы осы Тәжікстанға өтпек.
Ұйым қазір трансформацияланып жатыр. Бірақ халықаралық құрылымның алдымен интеллектуалдық әлеуетін көтеру жайы күн тәртібінде тұр. Алтылық ұйымы ахуалды игеретін, болжай алатын, қажетті ұсыныстар әзірлейтін талдамалы орталыққа айналуы тиіс. Қазақ Президентінің осындай ұсынысы бар. Күні бұрын болжай білгенде ғана қауіптің алдын алуға болады.
Президенттер әскери әріптестікті арттыру, аймақтағы қатерлерге қарсы тұру жайын талқылады. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, білікті мамандарды дайындау мәселесін сөз етті. Ауған проблемасын ҰҚШҰ НАТО мен бірлесіп шешкісі келеді. Кеңес соңында көшбасшылар қорытынды мәлімдеме жасады. Бұл құжатта алты елдің сөзі бір жерден шығады. Ұйым көшбасшылары жиырма шақты құжатты бекітті.
Мәскеуде бұл жолы тағы бір халықаралық ұйымның болашағы талқыланды. Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында одақ құрамына Армения мен Қырғыз Республикасын қабылдау жайы тағы пысықталды.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС