Қазақстан мен Франция арасында экономикалық байланыс нығая түсетін болады. Бүгін Алматыдағы Республика сарайында шаһар басшысы Ахметжан Есімов пен Франция Президенті Франсуа Олланд кездесіп, экономикалық қатынастарды арттыруды сөз етті.
Келелі басқосуда Алматы қалалық Туризм басқармасының басшысы Бақытжан Жоламанов пен Францияның «Монтань» кластерінің басшысы Бинуа Робер келісімшартқа қол қойды.
Келісімшартқа сәйкес Францияның «Пома» компаниясы Көктөбе аспалы жолын жаңартуға «SIGMA» деп аталатын жаңа кабина және өзге де тау индустриясы жабдықтарын жеткізеді. Сонымен қатар, «Көкжайлау» тау-шаңғы кешені құрылыс нысанын салуға қатысады.
Қазірдің өзінде Алматыда француз кәсіпкерлерімен бірлескен 16 компания жұмыс істейді. «Іскерлік байланыс пен ғылыми алмасулар екі тарап үшін тиімді болмақ», деп баға берді сарапшылар.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ