Еуразиялық интеграциялық процесстер Қазақстанда кеңінен насихатталып, халыққа барынша түсіндіріліп жатыр.
Ал, Ресейде керісінше, осы тақырып көп қозғалмайды. Бұл - Мәскеу-Астана қалаларының арасында өткен бейнебайланыс кезінде сарапшылардың айтқан пікірі.
Мәселен, қазір Ресейде Қазақ елі туралы ақпарат жоқтың қасы. Есесіне Қазақстанда, Ресейде болып жатқан оқиғалар кеңінен айтылады.
Сол себепті Еуразиялық теледидар және радио академиясының президенті Валерий Рузин «Бірлескен жобаларды көптеп іске асыру арқылы Ресейдің медианарығына Қазақстанның да ақпарат құралдарын кіргізу керек», дейді.
Валерий Рузин, Еуразиялық теледидар және радио академиясының президенті:
Қазір Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда жан-жақты көрсетіліп, таралып жатыр. Сондықтан, меніңше, одақтас мемлекеттер Қазақстан мен Беларусь елінің басты телеарналары мен басылымдарын Ресей халқы да көруі тиіс, деп ойлаймын. Өйткені, біз Еуразиялық экономикалық одақ құрып жатқандықтан, бір-біріміз туралы кеңірек білуіміз керек.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ