Қазақ-Түрік іскерлік форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Түрік іскерлік форумы өтті

16.07.2014
Қазақ-Түрік іскерлік форумы өтті

Түркияның Стамбул қаласында Қазақ-Түрік іскерлік форумы өтті. Оған Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ кәсіпкері мен Түркияның 80-ге жуық ірі өндіріс орындарының жетекшілері қатысты.

Алқалы жиында оңтүстік өңірдің инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды.

Қазақ-түрік іскерлік форумында бауырлас екі елдің сауда-экономикалық мүмкіндіктері талқыланды.

Мемлекет басшыларының «арадағы алыс-берістің көлемі 10 миллиард АҚШ долларын еңсеруі тиіс»,- деген  тапсырмасын негізге алған екі жақтың кәсіпкерлері өзара тиімді жобалар жөнінде пікір алмасты.

Мысалы,  Шымкентте 200 гектар аумақты алып жатқан Оңтүстік арнайы экономикалық аймақтың шарттары түрік инвесторларының  көңілінен шығып отыр.

Искандер Каплан, «Картал» кәсіпорны директорлар кеңесінің мүшесі:

Оңтүстік экономикалық аймақта тоқыма өніркәсібімізді ашып, былтыр қазан айынан бастап өнім өндіре бастадық. Қазір кілемді төрт түрлі сапада тоқып, шығарып жатырмыз. Үкімет пен жергілікті әкімдіктің қолдауымен ісіміз оңға басты. Осыған орай, біріккен қазақ-түрік фирмасы  бүкіл Орталық Азияны кілеммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Алқалы жиыннан соң екі жақтың кәсіпкерлері  жүзбе-жүз кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде іскерлік форумның алғашқы күнінде-ақ машина жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібіне қатысты 10 ірі бизнес-жоба бойынша келісімдер жасалды.

Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары:

Жақында ғана Елбасымыз қол қойған инвестиция туралы заңда салықтың оңтайлы түрі қаралған. Бүгін презентациясын жасадық. Инвесторлар да мойындап отыр. Бұл - өте сирек кездесетін мүмкіндік. Бірақ, Қазақстан үшін инвесторларға тұрақтылық жөнінде кепілдік беру үлкен қолдау.

Бүгін оңтүстік кәсіпкерлері Стамбұлдың жетекші кәсіпорындарының жұмысыме танысты. Сондай-ақ, Түркиядағы бес күндік іссапар аясында Измир мен Денизли қаласының өндірістік аймағын аралау жоспарланған.

Ержан Жүніс, тілші:

Түрік инвесторларын Еуразиялық экономикалық одақтың кең нарығы қызықтырып отыр. Ал, оңтүстіктің кәсіпкерлері «бұл нарыққа Қазақстан арқылы кірудің шарттары тиімді»,- дейді. Өйткені, елімізде шетел инвесторлары үшін оңтайлы салық саясаты қабылданған.

 

 Ержан ЖҮНІС

Хабарламаларға жазылу