Қазақстандық делегация Пушкиногорскідегі бауырластар қорымына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық делегация Пушкиногорскідегі бауырластар қорымына барды

14.07.2014
Қазақстандық делегация Пушкиногорскідегі бауырластар қорымына барды

Елімізден бір топ делегация Ресейге барып келді.  Псков облысының Вече бауырластар зиратындағы Гвардия капитаны, санитарлық ротаның командирі Жұмабек Бимурзиннің рухына тағзым етті.

Осыдан үш жыл бұрын ізін жалғар ұрпағы  ескерткіш орнатқан болатын. Қазір сол жер көпшілік тағзым ететін кешенге айналды.

Ал, Бимурзиндер әулетінің биылғы сапары мерейлі датамен тұспа-тұс келді. Пушкиногорск ауданының фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 70 жыл. 

Жұмабек Бимурзин әулеті осымен 4-ші жыл Вечеге келді. Бұл жолы аға буыннан жастар көп. Аталарының рухына тағзым етті.

Феруза Омашқызы, соғыс ардагері Жұмабек Бимурзиннің келіні:

 Біз осы кесенені қойған кезде ешкім жоқ болатын. Екі ғана тас жатқан. 2 жылдан кейін келіп отырмыз, қаншама адамға ескерткіш орнатқан.

Елена Горшкова, Тула қаласының тұрғыны:

Сіздердің жерлестеріңіздің осындай кешен жасап, үлкен іс жасағанына алғысымызды айтамыз. Соның арқасында біз осы жерден атамызды тауып, бүгін басына ескерткіш қойып отырмыз. Бұл - келешек жастар үшін үлкен өнеге. Олардың патироттық сезімін қалыптастырады.

Пушкиногор аймағы 3 жыл, яғни, 1091 күн жаудың қол астында болды. Жұрт жапа шегіп, қорланды. Жері, туған үй, орманы өртенді, көз алдында ет жақыны өлтірілді. Ал, биыл - осы өңірдің фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 70 жыл.

Атаулы күнге орай, ауданда бірнеше мерекелік шара ұйымдастырылды.  10 мыңға жуық жауынгер жерленген Вече, Чертова Гора мемориалдық кешенінде батырлар ерлігі туралы естеліктер айтылды.

Валерий Кожухов, Эстония азаматы:

Менің әкем, әйелімнің әкесі де соғыста қайтыс болды. Олар тым жас еді. Мен өзім де Ауғанстандағы соғысқа қатыстым. Дос, қаруластарымнан айрылдым. Сондықтан, мен үшін соғыс - қасірет.

Римма Бурченко, Пушкиногорск ауданының басшысы:

Бұл күн - біздің барлығымыз үшін үлкен мереке. Бұл жеңісті біз бірге әкелдік, ұлтқа, жерге бөлінбедік. Сол тұтастық бүгін де сақталып отыр. Ұрпақ сабақтастығын берік ұстанған қазақстандық делегацияға үлкен рахмет айтамын. 

Батыр дәрігер ұрпағы 70 жылдыққа құр алақан барған жоқ. Пушкиногорск ауданының емханасына стомотологиялық құрал-жабдықтар мен бабаларының ерлік істерінен сыр шертетін қабырға тақта тарту етті. Ондағысы - келер ұрпақ тарихты танып, аталар рухына тағзым ете жүрсін, деген мақсат. 

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу