Қазақ-Беларусь ынтымақтастығы артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Беларусь ынтымақтастығы артып келеді

10.07.2014
Қазақ-Беларусь ынтымақтастығы артып келеді

Өткен жылы Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері арасындағы тауар айналымының құны - 1 миллиард АҚШ долларынан асты.

Бұл мәлімет екі ел кәсіпкерлері арасында Павлодарда өтіп жатқан кездесу барысында жарияланды.

Сауда-саттықтан бөлек, қазір бірлескен жобаларды іске асыру үрдісі байқалады. Тіпті, еліміздің Индустрияландыру картасына екі елдің кәсіпорындарына ортақ 6 жоба кіріп отыр.

Павлодарлық кәсіпкер  Наталья Чертковер 17 жылдан бері Беларусь мемлекетімен жұмыс істейді. Қазақстанның 4 облысында жиһаз шығаратын кәсіпорындары бар.

«Кедендік одақ кәсібімізді көркейтуге жол ашты. Ал,  Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында одан да маңызды экономикалық интеграцияға қол жеткіземіз»,- дейді ол.

Наталья Чертковер, жиһаз жасайтын кәсіпорын директоры:

Біз Беларусь елінің аса ірі бес кәсіпорнымен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Кеден тарапынан кідірістер жойылғалы біраз уақыт болды. Экономикалық одаққа қол қойылғаннан бері басқа да жеңілдіктер барын көз көріп отыр. Жұмыс істеуге ынта оянды.

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының құны 1 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл осыдан төрт жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, үш есеге артық.

Беларусь елі Қазақстаннан көбіне тыңайтқыштар, астық және көкөніс өнімдерін алады. Ал, елімізге сүт өнімдері, жиһаз және түрлі техника тасымалданады. Негізгі импорт - ауыл шаруашылығына қажетті техника.

Вадим Сухан, кәсіпкер:

Біртұтас экономикалық кеңістікте болғандықтан, кәсіпкерліктің дамуына кедергілер болмайды. Сондықтан, біз қазақстандық әріптестеріміздің кез-келген ұсыныстарын қуана қабылдаймыз. Франциямен жұмыс істеп жатырмын.  Сіздердің мемлекеттеріңізден лайықты бизнес жоба тауып, үшжақты кәсіпті дамытсақ, тамаша болар еді.

Қазақстандық кәсіпкерлер экспортқа бағытталған кәсіпорындар ашса құба-құп. Себебі, екі елдің сауда-саттығында импорттың әлеуеті анағұрлым жоғары.

Елена Азарова, Беларусь елінің сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі:

Қазақстан - экономикалық дамуы тұрақты ел. Сауда-саттық саласы бойынша  Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұр. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Сол мақсатпен келіп отырмыз.

Мемлекеттер арасындағы мақсат та, мүдде де - ортақ. Алдағы үш жылда екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың «Жол картасы» кабылдануы - соның айғағы.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу