Еуропалық одақ Қазақстанға сенім артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық одақ Қазақстанға сенім артады

02.07.2014
Еуропалық одақ Қазақстанға сенім артады

Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы сенімді әріптестік туралы келісімшарттың бекітілуіне аз ғана уақыт қалды.

Тараптар Брюссельде келіссөздердің 7-ші раундын өткізіп, құжаттағы 5 тармақтың 3-еуін мақұлдады.

Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, Еуропалық одақпен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту, азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату бойынша келісімнің баптары бекітілді.

Сондай-ақ, тараптар ядролық қарусыздану, қауіпсіздік мәселелерінде күш біріктіріп, адам құқығын қорғау және халықаралық қылмыстық сотпен бірлесе жұмыс істеу туралы ортақ мәмілеге келді.

Ал, келісімшарттың Еуроодаққа визаны жеңілдету, энергетика саласындағы ынтымақтастық пен сауда саясатын жүргізу тараулары әлі де жетілдіруді қажет етеді. 

Алексей Волков, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Еуропалық одақ Қазақстанмен іскерлікті дамытуға мүдделі. Біз оны сенімді әріптестік туралы жаңа келісімшарттың бөліктерін талқылау барысында байқадық. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерімен Еуразиялық экономикалық одаққа біріккеннен кейін келісімшарттың сауда саясаты бойынша тармағына бірқатар өзгерістер енгізілді. Сондықтан,  алдағы 2-3 айда осы мәселелер бойынша жұмыс істейміз. 180 беттен тұратын келісімшартты Еуроодаққа мүше 28 елдің тіліне аударып, олардың үкіметтері мақұлдағанша, біраз уақыт кетеді. Дегенмен, біз Президенттің тапсырмасына сәйкес, келіссөздерді белгіленген мерзімде аяқтап, Еуроодақпен сенімді әріптестік туралы келісімшартты бекітеміз деген сенімдеміз. 

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

 

 

 

 .

    

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу