Саясаттанушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саясаттанушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуын талқылады

26.04.2014
Саясаттанушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуын талқылады

Қазақстан - дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық құжаты бар бірден бір мемлекет. «Қазақстан 2050» Стратегиясында жалпы мемлекет пен әрбір қазақстандықтың қалай даму керектігі кезең-кезеңімен көрсетілген. Бүгін Астанада Қазақстан саясаттаншуыларының конгресі өтті. Жиынға сақа саясаткерлерден бастап, саяси партия өкілдері мен халықаралық сарапшылар, тіпті жастар ұйымдарының өкілдері де қатысты.

 
Конгресті кіріспе сөзбен ашқан Президент Әкімшлігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жиынның Еуразиялық экономикалық одақ құру келісіміне қол қояр тұста ұйымдастырылып отырғанын ерекше атап өтті.
 
«Қазақстан 2050» Стратегиясында елдің интеграциялық үрдістері де ескерілген. Бағлан Майлыбаев құрылғалы отырған экономикалық одақ Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік екенін қадап айтты. Жиынға Ресейдің ұлттық стратегия институтының өкілі де келді. Стратегия түзудің қыр-сырын меңгерген білікті маман, құжатқа өз бағасын берді. 
 
Юрий Солозобов, РФ ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры:
Қазақстан -  ұзақ мерзімді стратегия құрып, дамудың даңғыл жолына түскен елдердің бірі. «Қазақстан-2030» да есімізде. Енді міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жүзеге аса бастады. Бұл - маңызды қадам. Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 36 жылға анық мақсат қойып отыр. Бұл - өте маңызды әрі күрделі меже. Ұзақ мерзімге арналған мұндай құжаттар жоқтың қасы.
 
Ақан Бижанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:
«Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге аса бастағанына 1 жылдан асты. Бүгін республикалық саясаттанушылар қауымдастығы жиналып, осы стратегияның алғашқы жетістіктерін ортаға салмақшы. Болашақтағы басымдықтарын саралайды. Бұл ретте саясаттанушыларға артылар жүк ауыр. Мұндай шаралар ғылыми зерттеулер мен сараптамалар жасауға мүмкіндік береді.
 
Тәуелсіздік жылдары 418 адам саясаттану саласы бойынша ғылыми дәрежеге алса, 180 адам «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген. Қазір елдегі жоғары оқу орындарында саясаттану мен әлеуметану бағытындағы 36 кафедра жұмыс істейді. Жиында осы саладағы мамандардың жұмысын жүйелеу туралы, олардың стратегияны жүзеге асырудағы рөлі туралы да сөз болды.
 
Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Саяси процесті ғалымдар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, заңгерлер, философтар зерттеп отыру керек. Дұрыс болып жатыр ма? Не болып жатыр? Қай жерде жетістігіміз бар? Қай жерде кемшілігіміз бар?
 
Жиын соңында саясаттанушылар стратегияның сәтті орындалуына серпін беретін қарар қабылдады. Онда бұл межеге жетуде ғылым мен білім саласының және интернет қоғамдастықтың жалпы қоғамның әлеуетін біріктіруге арналған ұсыныстар топтастырылған.
 
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу