Марат Тәжин Татарстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Марат Тәжин Татарстанға барды

18.04.2014
Марат Тәжин Татарстанға барды
Татарстан Республикасы халықтар достығын сақтауда Қазақ елінен үлгі алып отыр. Ресейдің бұл аймағында да  біздегідей Халықтар ассамблеясы жұмыс істейді.
 
Бүгін Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі Марат Тәжин Татарстанға сапары барысында осы елдің жоғарғы басшылығымен кездесіп, екіжақты байланыстардың жай-күйін талқылады.
 
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Татарстан Қазақ елі үшін Ресейдегі маңызды өңір саналады. Бауырлас елмен арадағы сауда-саттығымыз бен іскерлік байланыстарымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Сондықтан болар, Қазан қаласына Қазақ делегациясы жиі келеді.
 
Елші Марат Тәжиннің сапары, Қазан қаласында Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесуден басталды. Отырыста екіжақты байланыстардың барысын бағамдап, алдағы уақытта қарым-қатынасты одан ары жандандыру жайын талқылады.
 
Содан соң қазақ дипломаты татар басшысына Қазақстан Президентінің атынан ІІ  дәрежелі«Достық» орденін тапсырды.
 
Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Президенті:
Қазақ елімен арадағы байланысымыз қарқынды дамып келеді. Татарстан мен Қазақстанның өзара сауда айналымы 1 миллиард долларға жуықтаса, бірлескен кәсіпорындардың саны 30-дан асады.
 
Марат Тәжин, ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Экономикалық әріптестікті кеңейтуге қатысты бірқатар мәселелерді талқыладық. Мәселен, «КаМАЗ» автокөлігінің шетелдегі ең ірі тұтынушысы - Қазақстан. Бұл байланыстарды одан ары дамыту арқылы біз қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереміз.
 
Ұлтаралық татулықты сақтауда татар халқы біздің тәжірибемізді үлгі тұтады. Қазақстанға қарап, олар да Халықтар ассамблеясын құрған. Бұл туралы Елшінің Татарстан Мемлекеттік Кеңесінің төрағасымен болған кездесуінде айтылды.
 
Фарид Мұхамедшин, Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы:
Мен Астана қаласына арнайы барып, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын зерттегенмін. Қазір біз, сіздер салған жолмен жүріп, Татарстанда да түрлі ұлттардың бірлігін сақтап отырмыз. Ауызбірлік қана тұрақты дамуға негіз болатынын сіздерге қарап түсіндік.
 
Марат Тәжин Қазан федералды университетінде студенттер мен оқытушыларға лекция оқыды. Жиында «Қазақстан-2050» Стратегиясы егжей-тегжейлі баяндалды.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу