Қазақстанның басты байлығы - ұлтаралық және дінаралық татулығы. Осы құндылықтың арқасында еліміз 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз дамып, айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясынан соң Ұлттық арнаға пікір білдірген Ресейдің көрнекті қоғам қайраткерлері осылай деді.
Көрші елдегі танымал тұлғалардың айтуынша, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда Қазақстан халқы Асссамблеясы сынды құрылым әлемдегі өзге елдер үшін қажет болады.
Владимир Васильев, РФ Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары:
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда көп игі істер атқарылып жатыр. Қазақ еліндегі көреген саясаттың арқасында, көптеген ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал, ішкі бірлік пен тұтастық арқылы елдің дамуында ұзақ жылдар бойы тұрақтылық сақталып келеді. Әріптестіктің, достықтың, халықтар арасындағы ауызбіршіліктің бірегей тәжірибесін, қазір Қазақ елі жалпы адамзатқа ортақ құндылық ретінде насихаттап келеді. Яғни, бұл саясат көптеген елдерге үлгі.
Руслан Аушев, Кеңес одағының батыры:
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ғана осы күнге ұлтаралық қақтығыс, араздықсыз жетті. Басқа мемлекеттердің барлығы да түрлі кикілжіңді бастан өткерді. Бірақ, содан ұтқан ешқайсысы жоқ. Ал, Президент Назарбаевтың көрегендігі сол, елдегі барлық этносқа бірдей жағдай жасады. Сондай-ақ, ұлтаралық мәселені жүйелі түрде шешу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Ол құрылым уақыт өте келе өзінің тиімділігін толықтай дәлелдеді. Бұл - Қазақстанның басты құндылығы дер едім. Біз осы бағыттағы жұмыстарға құрметпен әрі қызыға қараймыз.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ