Қазақстан - Орталық Азияның көшбасшысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - Орталық Азияның көшбасшысы

17.03.2014
Қазақстан - Орталық Азияның көшбасшысы

Ұлы Жібек жолын жандандыруға қазір толық мүмкіндік бар. Түркі дүниесі бұл бағытта біріккен жобалар әзірлеу қажет. Осы мәселеге қатысты Анкарада алқалы жиын өтті.

 
Басқосуға түркітектес мемлекеттердің елшілері, беделді экономист мамандар және осы елде білім алып жатқан докторанттар қатысты.
 
Ұлы Жібек жолы жанданса, Түркі дүниесі арасындағы экономикалық байланыс нығайып, мемлекеттердің ахуалы бұдан да арта түседі. Түркітектес әрбір ел бұған үлес қоса алады. Тек мүмкіндікті тиімді пайдалана білу қажет. Анкарадағы жиынға қатысқан беделді сарапшылардың пікірі осыған саяды.
 
Ахмет Бурчин, экономика ғылымдарының докторы:
Қазір байқап жүрмін, түркітектес мемлекеттер экономика саласындағы байланысқа аз көңіл бөледі. Қарым-қатынас мүлдем жоқ деуге болмайды, әрине. Шаруалар атқарылып жатыр. Бірақ, біздің мүмкіндігіміз бұдан да көп. Сол үшін Жібек жолын қайта жандандыруымыз қажет. Оған Баку, Тбилиси, Карс темір жолы да болашақта өз үлесін қосады.
 
Қазақстанның осы тарихи жолды жандандырудағы рөлі ерекше. Сарапшылардың айтуынша, біздің ел Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік орталық болуға толықтай қауқарлы.
 
Жантөре Жетібаев, Phd докторанты:
Біздің Президентіміздің Ұлы Жібек жолын жандандыру туралы сөзін өзге де түркітектес елдердің лидерлері қолдап отыр. «Батыс Қытай-Батыс Еуропаның» Ұлы Жібек жолын жандандыруда маңызы өте зор.
 
Ұлы Жібек жолын жандандыру арқасында түбі бір түркі елдерінің қатынасы одан әрі нығая түседі. Сауда-саттық көлемі ұлғайып, халықтардың әлеуметтік ахуалының артуына септігін тигізері сөзсіз.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу