Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылғанымен, тараптар арасында әлі де 600-ге тарта кедергілер мен шектеулер бар. Олардың бірқатары энергетика саласына қатысты. Алайда алдағы уақытта Еуразиялық Экономикалық одақ құрылса, мұның барлығы жойылуы мүмкін.
Мәскеу қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің энергетика саласына жауапты министрлері бас қосып, Еуразиялық одақ туралы келісімнің өздеріне қатысты тұсын талқылады.
Жиында үш елдің өкілдері электр энергетикасы мен мұнай және газдың ортақ нарығын қалыптастыру керек деген тоқтамға келді. Ол үшін алдағы уақытта арнайы бағдарлама қабылдау керек.
Алайда бұл мәселе, Астанада өтетін вице-премьерлер деңгейіндегі жиында ғана түпкілікті шешіледі. Үш елге де ерекше маңызы бар энергетика саласына қатысты мәселеде, барлық елдің мүддесі ескерілуі тиіс.
Даниал Ахметов, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі:
Біздің басты мақсатымыз - бүгінгі күні нарықта кездесіп отырған кедергілер мен шектеулерді жою. Мәселен, өзге елдерге газ транзиттеуде қазір Қазақстанның бірқатар қиыншылықтары бар. Көп жылдардан бері жалғасып келе жатқан бұл проблема, бұл күндері екіжақты келісімдер арқылы шешіліп отыр. Енді оның барлығы, тараптар арасында жазылған нақты бірыңғай ережемен реттелетін болады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ