Қазақстан мен Германия қарым-қатынасы нағайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Германия қарым-қатынасы нағайып келеді

18.01.2014
Қазақстан мен Германия қарым-қатынасы нағайып келеді

Қазақстан мен Германия қарым-қатынасы жыл сайын нығайып келеді. Немістер Қазақстанды Орта Азиядағы ең басты стратегиялық серіктесі санайды. Себебі екеуара тауар айналым жылына 6 миллиард еуродан асады. Олар бізден мұнай алады. Ал Қазақ еліне немістерден көлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек әкелінеді. Мәдени салада да байланыс мығым. Германияда 800-ден астам қазақ жастары білім алып жүр.

 
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Берлинде 3,5 миллионнан астам адам тұрады. Халық саны бойынша бұл қала Еуропада Лондоннан кейінгі екінші орында. Көшелерден көлік нөпірі көрінбейді. Автомобильдер аз. Оның өзіне арнайы католизатор қойылған. Қоршаған ортаны ластамас үшін. Ал халықтың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Және қыс мезгілі болса да мынадай велосипедтермен қатынайды.
 
Мериэм Мидлинг, Берлин тұрғыны:
Аяз, бұрқасын, жаңбырға да қарамаймын. Үнемі велосипедпен жүремін. Өйткені бұл барынша ыңғайлы, әрі тиімді көлік. Біріншіден, денсаулыққа пайдалы. Екіншіден, қоршаған ортаға зиянсыз. Оның үстіне, Берлин көшелерінде велосипедке арналған арнайы жолақтар бар. Инфрақұрылым дамыған.
 
Берлинде көк тіреген биік, зәулім ғимараттар жоқ. Мұның сыры мынада: бұл шежірелі шаһар. Талай топалаңды, аласапыранды бастан кешкен, қилы тарихи оқиғаларға куә болған қала. Ал немістер ескіні қастерлейтін, көненің көзіндей болған дүниелерді кадір тұтатын халық. Сондықтан да олар Берлинге биік-биік зәулім ғимараттар салғызбайды. Бұл қаланың тарихы, архитектуралық келбетіне нұқсан келтіреді,- деп санайды.
 
Роберт Косон, Гете институтының қызметкері:
Мынау Шпре өзенінің бойындағы Мұражайлар аралы. Мұнда ежелгі антикалық мұражай, Кафедралды ғибадатхана, Пергамон мұражайы, Ұлттық галерея және Бодэ мұражайы секілді өте құнды, тарихи маңызы зор нысандар орналасқан. Дәл осы Мұражайлар аралының маңында Германия канцлері Ангела Меркель тұрады. Оның пәтері Пергомон мұражайына қарама-қарсы үйдің 3-ші қабатында. Ол өте қарапайым тұрады.
 
Германия астанасын аралап жүріп, өз отандастарымызды кездейсоқ кезіктірдік.
 
Гүлсім Асакова, Гамбург университетінің оқытушысы:
Семей өңірінің тумасымын. Гамбург университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқығанмын. Диссертациялық жұмысымды сәтті қорғап, 2010 жылдан бері қазақ тілі және «Қазақстан» атты лекторатты басқарамын. Қазақ тілінен сабақ беремін.
 
Әсел Кубеева, студент:
Негізгі мақсатымыз – ғылыми іс-тәжірибе болған соң, бұл жақтың білім жүйесін салыстырып жүрміз. Халқы маған өте қарапайым болып көрінді.
 
Бұл -Бундестаг. Германия федеративті республикасының парламент ғимараты. Ал бұрынғы Рейхстаг. Фашизмнің соңғы қамалы. Дәл осы ғимараттың мына оң мұнарасының төбесіне 1945 жылы 30 сәуірде қазақ баласы Рақымжан Қошқарбаев ту тіккен. Мұны жергілікті тұрғындар біле ме екен? Сұрап көрейік.
 
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Мұндағылар Рейхстагқа ту тіккен қазақ туралы ештеңе білмейді. Есесіне, грузин мен орыс солдаттарының есімін аңыз қылып айтып жүр. Келесі жылы Жеңістің 70 жылдығы.
 
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу