Арқалық қаласындағы су құбырларының 40 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласындағы су құбырларының 40 пайызы тозған

26.08.2019

Қостанай облысының Арқалық қаласындағы  су құбырларының 40 пайызы тозған. Оның бәрін бірдей  өз күшімен жаңартып шығуға шағын шаһардың шамасы жетпейді. Ал облыс, республикадан келетін көмек алдымен  қала маңындағы ауылдарға беріледі.  Мысалы, биыл Арқалыққа қарайтын екі ауылға ауыз су тартылып жатыр. Бұған қажетті 500 миллион теңгеге жуық қаржының басым бөлігі республика бюджетінен бөлінген.

Қаладан 40 шақырым жердегі Восточный ауылында 300 түтін бар. Адам саны мыңнан асады. Егін салып, мал бағатын 14 шаруа қожалығы мен бір ірі серіктестік тіркелген. Тұрғындардың 70 пайызы осы шаруашылықтарда еңбек етеді. Табысы бар жұрттың тұрмысы да жаман емес. Орталықтандырылған су желісінің  тартылуы адамдардың алдағы күнге сенімін нығайта түскен.

Алтынай Ізтайлақова, Восточный ауылының тұрғыны:

 Су болса бәрі болады. Ауламыз кең. Осыған дейін су болмағасын бақша еге алмадық. Енді бақша саламыз. Су болғаны қолайлы.

Жұмыс  биыл мамыр айында басталған. Ауыл шетіндегі ұңғымадан  көше-көшеге барлығы 17 шақырым құбыр тартылды. Қазір сиымдылығы 300 текшеметр болатын су жинағыш нысан мен сорғы станциясы салынып жатыр.  Жоспарға сәйкес жаңа желі қараша айында пайдалануға берілуі тиіс. Іргеге келген құбырдан суды үйге кіргізу тұрғындардың өз есебінен жүргізіледі.

Алмас Сәрсенбаев, Восточный ауылының тұрғыны:

Жағдайы төмен отбасыларға мердігермен келісіп, бөліп төлеу қарастырылған. Ал мүлде жағдайы жоқ адамдарға шаруа қожалықтарымен келісіп, көмектесу жағын қарастырып жатырмыз. Бәріне көмек көрсетіледі.

Биыл Восточныйдан басқа Дачный ауылына да су желісі тартылып жатыр. Ал қала ішіндегі тозған құбырларды жаңарту жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асады. Бірақ шағын шаһардың қазынасына түсетін мардымсыз қаржы  бар мұқтажды өтеуге жетпейді.  Сондықтан жұмыс та өнімсіз.

Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

 Биыл 1 шақырым құбырды жөндедік. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жылу маусымына 80 пайыз дайынбыз.

Яғни қала ішіндегі тозған құбырларды жамап-жасқап пайдаланғаннан басқа амал жоқ. Себебі мемлекеттің көмегі әзірге қала маңындағы ауылдарды жарылқаудан артылмай отыр.   Алдағы жылы тағы осындай екі елді мекенді орталықтандырылған ауыз су желісімен қамту жоспарланған.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу