Қазақ ұлттық техникалық университетіне биыл оқуға түскен студенттерге орын жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ұлттық техникалық университетіне биыл оқуға түскен студенттерге орын жетпей жатыр

21.08.2019

Оқу гранттарының саны артқанымен, жатақхананың жыры әлі де бітпей тұр. Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне биыл оқуға түскен студенттерге орын жетпей жатыр. Ал алыс елді мекеннен келген жастар көше жағалап, пәтер іздеп жүр. Сондықтан бүгін армандаған оқуына түсіп, алаңсыз білім алсам деп оқуға келген студенттердің ата-аналары шу көтерді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжан Қалиева мемлекеттік грантты жеңіп, студент атанған қызына жатақханадан орын тимегендігіне наразы. Ол жатақхана алатындардың алғашқы тізімінде болғанымен, бүгін тізімнен сызып тастаған. Ал оның себебін ешкім түсіндірмеген.

Гүлжан Қалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Ренжиміз. Ашулымыз. Қатты ашулымыз. Далада қаңғып қалып жатыр балаларымыз. Ақтөбеден келіп, екі күн қаңғырып, мен қазір баламды далаға тастап кете алмаймын, қыз баланы.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Осы маңда Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне қарасты 7 жатақхана бар. Ал мына 450 орындық студенттер үйі қазір күрделі жөндеуде тұр. «Ол желтоқсан айына дейін пайдалануға беріледі және сол кезде ғана барлығына орын жеткілікті болады», - дейді университет басшылығы. Ал ата-аналар «Оған дейін қайда барамыз», - деп наразылықтарын білдіруде.

Университет басшылығы ата-аналарға балалары үшін шағын қонақ үй немесе пәтер жалдап тұруды ұсынған. Тіпті олар оқу орнына жақын маңдағы хостелдердің де тізімін іліп қойған.

Сағадат Юлдашева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен мына жерде туысым жоқ, басқам жоқ. Пәтерге тастап кете алмаймын. Менің қызым кеше бір ай алдын 16-ға толды.

Университет проректорының сөзінше, биыл бірінші курсқа 2500-ге жуық талапкер қабылданған. Солардың ішінде 1037 студент жатақхана алуға өтініш берген. Ал  тізімге ілінгендердің саны — 1200. Алайда, «Бұдан басқа 450 адамға арналған студенттер үйі жөнделіп жатыр. Сондықтан, орын жетпейді. Енді желтоқсан айына дейін күтсін», - дейді ол.

Ринат Ысқақов, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры:

Біз жатақхананы алдымен жетімдер мен мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға береміз. Тізім солай жасалады. Орын қалса, бәріне міндетті түрде береміз. Бұрын бірінші курстарға қатысты мұндай мәселе болмаған. Өйткені барлық жатақхана жұмыс істеп тұрды.

Бірнеше күннен бері балаларын жатақханаға орналастыра алмай, зыр жүгірген ата-аналар орын табылады деп үміттеніп отыр. Егер бұдан нәтиже болмаса, амалсыз жөнделіп жатқан жатақхананың біткендігін күтеді. Бірақ олар қыс басталғанша, әлі оң-солын танымаған баланы кімге сеніп тапсырамыз деп алаңдаулы.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу