Петропавлда бір үйдің әлегінен 1-інші қыркүйекте тапсырылуы тиіс мектептің құрылысы тоқтап тұр. Баспана иесінің айтуынша, жергілікті әкімдік берген 2 пәтердің аумағы тар. Ал айырбас тиімді болу үшін тағы сондай 2 пәтер керек екен.
Алтынсарин көшесіндегі екіқабатты мына үйде қазір 9 адам тұрып жатыр. Былтыр бұл жерге мектеп салу үшін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының мамандарымен тұрғындар кездесіп, соңғылары қаладан 3 бөлмелі пәтерге көшуге келіскен.
Светлана Ромахина, қала тұрғыны:
Құжаттарымда аумағы 247 шаршы метр, пайдалы аумағы да 247 шаршы метр деп жазылып тұр. Бірақ біз үстіңгі қабатында ғана тұрамыз, сондықтан әкімдік бізге тек 87 шаршы метрге айырбастаймыз деп, екі пәтер берді. Біз бұған келіспейміз деп сотқа жүгіндік. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Шешім шықпай олар бізді үйден шығара алмайды.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл үйдің құны 16 миллион 800 мың теңгеге бағаланған. Ал әкімдік 26 миллионға 2 пәтер сатып алды. Құжаттар мен кілттер үй иелерінің қолдарында.
Асқар Хабибуллин, Қала әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта бұл үй — Тұрғын үй қатынастары мекемесінің меншігінде. Сондықтан бұрынғы иелерінің әрекетін «біреудің меншігін заңсыз иемдену» деп бағалаймыз. Құжаттарға қол қойылған, олар келісімін берген, тиісті пәтерлерін алды. Әкімшілік сотқа арыз берулеріне болады. Бірақ үйді босатпай, тағы да пәтер сұраулары заңсыз деп есептеледі.
Қазір бұл жер болашақта салынуы тиіс мектептің аумағында қалған жалғыз үй. Басқалары пәтер алып көшіп кеткен. Қалған тоғыз отбасы 240 шаршы метрлік даңғарадай үйде тұрып жатыр. Көшуге үзілді- кесілді қарсы.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Бұл жерде мектептің спорттық залы болуы тиіс. Бірақ мына үй сырылмай орнында тұрғандықтан құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Ал баспана әкімдіктің шешіміне келіспегендіктен, енді бұл жұмыстар біразға дейін тоқтап қалуы мүмкін.
Мектептің құрылыс жұмыстары енді қашан басталатыны белгісіз. Себебі әкімдік пен үй иелерінің ортақ мәмілеге келе алмауы білім ордасының салынуына тұсау болып отыр.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ