Көптен күткен қуаныш. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Берекелі баспана» бағдарламасы аясында 300-ге жуық отбасына баспана кілті табысталды. Жалға берілетін пәтерлерге көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж топ өкілдері ие болды. Айта кетейік, қазіргі күні елордада 47 мың адам үй кезегінде тұр. Олардың 3 мыңнан астамы көпбалалы отбасылар.
73 жастағы Әйнеп әженің қуанышында шек жоқ. 10 баланың анасы 12 жыл сарғая күткен пәтерге қол жеткізді. «Бір бөлмелі пәтерде бүгін үлкен той болады»,-дейді 33 немеренің әжесі.
Әйнеп Ысқақызы, «Алтын Алқа» иегері:
Бүгін туыс-туғанға хабарлап, сүйінші сұрап қуанышымызды бөлісеміз. Сендер де келіп, бөлісіп жатсыңдар, Сендерге де дән ризамыз қарғаларым.
Әйнеп әже сияқты бүгін 298 отбасы жаңа баспанада қоныс тойын тойлайды. Жалға берілген 1,2,3,4 бөлмелі пәтерлердің ай сайынғы төлемі небәрі 5-10 мың теңге аралығында. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар жағдайын түзеп, еңселерін тіктегенше осы пәтерлерді паналамақ.
Бақтияр Мәкен, Қала әкімінің орынбасары:
Біздің қаламызда 47 мыңнан астам кезекте тұрған әртүрлі саладағы азаматтар. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек адамдар, жалғызбасты аналар, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері және жетім қалған балалар. Барлығына саты-сатысымен, өзінің кезегімен беріледі.
Осылай, кеше ғана бос тұрған ойын алаңы – бала-шағаға, пәтерлердің іші – жанға толды. Айта кетейік, жыл соңына дейін шамамен 2 мың пәтер беріледі деген жоспар бар.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ