Елбасының қатысуымен «Nur Otan» партиясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының қатысуымен «Nur Otan» партиясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

21.08.2019

Бүгін елордада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ел дамуының негізгі бағыттары талқыланып, партия жұмысын қайта жаңғырту жайы қаралды. Елбасы жиында бірқатар саланың жұмысын сынға алды. Оның ішінде партияның фракциясына бейжай қарайтындар мен әкімдердің селқостығын баса айтты. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресте жаңа тәсілдер қолдану қажеттігіне тоқталды. Елбасы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Партия халыққа жақын болуы керек. «Nur Otan-ның» негізгі ұраны осыған негізделуі тиіс. Келелі кеңестің ашылуынан бастап, Елбасы осы мәселеге басымдық берді.  «Саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігінің арқасында ғана дамуға мүмкіндік бар»,- деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Партиямыздың дамуының жаңа кезеңге келіп отырғанын бәріміз түсініп отырмыз, біліп отырмыз. Заман өзгерді, жағдай өзгерді. «Nur Otan» еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауымыз үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруымыз керек. Бұл әншейін айтылған сөз емес, бұл Қазақстанның, халықтың  ортасындағы жетелейтін, түсіндіретін елге ұйымбыз. Егер де мұны орындамасақ, басқа партия келеді орнымызға. Сондықтан жауапкершілікті мықты түсінуіміз керек.

«Фракция – негізгі күш. Бірақ оны елеп, ескеріп жатқандар шамалы. Ескі әдістен әлі арыла алмай келеміз»,- деді, Елбасы. Сол себепті оның беделін арттыруға көңіл бөліну қажеттігіне тоқталып, фракцияның жетекшісін ауыстырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Мен фракция жетекшісі қызметіне Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинді ұсынамын. Ол өзіне артылған істі тиісті деңгейде атқара алады деп ойламйын.

Елдегі жетекші саяси партияның атқарған еңбегі еселі. Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев партия нақты өзінің жұмысымен айналыспай отырғанын сынға алды. Қазіргі 24 жоба мен 200-ге жуық түрлі есеп саяси ұйымның емес, Үкіметтің жұмысы. «Ол үшін қаржыны рәсуа етудің қажеті жоқ»,- деді. Сондықтан партияның барлық жобаларын қайта қарап шығуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Партияның барлық жобаларына мұқият, қайта қарау керек. Олар нақты әлеуметтік топтарға арналуы керек. Партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Партияның стилі басқа, жұмысы басқа. Бізде өзімізде жақсы жобалар ғой.

Мәселен, «Мирас» қоғамдық кеңесі бар. Оның әлеуетін пайдалану арқылы, зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру қажет.

 Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Зиялы қауым дегеніміз — «мен зиялы қауыммын», «мен жазушымын», «композитормын» деп тек қана отырып алып сынау керек пе? Зиялы қауым деген — халықтың бастаушысы керек, алдында жүретін, жол көрсететін. Әр уақытта солай болған.  

Қазіргі таңда сайлауалды бағдарламаның 70 пайызы іске асқан. Алайда, негізгі бағыттар әлі орындалмай отыр. Оларды қолға алып, жүзеге асыруға ешкім асығар емес. Әкімдер де партия жұмыстарына селқос қарайды. Елбасы олардың қазіргі істеріне көңілі толмайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Мен қазақтың жағдайын білем ғой. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Сосын облыстарда төбелесті бастаймыз жан-жақтан. Ал егер де оны жасамайық десек, неге жұмыс істемейсіңдер әкімдер?! Партия өз алдына. Ондай болатын болса, бер басқа адамға. Ондай жасамайық десеңдер, партияның жұмысына апта сайын, ай сайын көңіл бөліп, авторитетін көтеріп отыруларың керек. Сендерді сайлаған солар.

Тұңғыш Президент медиа саланың проблемаларына да тоқталды. Қазір шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейген. «Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтеріліп, қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасып жатыр»,- деді. Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктер тарапынан редакторларға қысым көрсетіліп жатқанын да айтты.  Сыни материал жасағандардың жолын кесіп, кедергі жасағысы келетіндерге бұдан былай жаза қатаңдайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Орталық ақпараттық арналар да жақ ашпайды. Бұрын ақша талап етіп, үркітетін редакторларды жазалайтын едік. Қазір керісінше, журналистерді «бірдеңе жазсаң, жұмыстан қуыласың» дейтіндер көбейген. Егер тағы біреу қоңырау шалып, қорқытып-үркітсе, қандай лауазымда отырса да, жұмыстан шығарылады.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі тағы бар. Бізде құқықбұзушыларды қорғау жойылар емес. Ал олармен күресудің жолдары айтылмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Ешқандай идея жоқ. Қылмыспен күресу жұмыстары ұйымдаспаған. Бұған партия да, Үкімет те, әкім-қаралар да, тіпті Президент аппараты да асықпайды.

Жоғары оқу орындары сыбайласып әрекет ету ордасына айналған. Оқуға түспек түгілі, сессияны жауып, тәуір баға алу үшін де ақы дәмететіндер аз емес. Елбасы осының бәріне көз жұмып отырған оқу орындарының басшылығын сынады. Ұзақ уақыт табандап отырған ректорлардың мәселесін Білім министріне майшаммен қарауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Ректорлармен жұмыс істеу керек. Бірнеше жылдан, 20-10 жылдан отырған ректорлар бар. Білім министрі қайда?. Сен соның бәрін қара. Жұмысты істейтін, жаны ашитын, балаларға білім беретін адамдарды қалдыру керек.  Қазір барлығы саған шығады. Оны жасамасаң, білім саласында ештеңе болмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселе қауіпсіздік кеңесінің талқылауына да шығарылатынын айтты. Ел бесігі – ауыл. Сол бесіктің тербелуіне теңдей жағдай жасалуы тиіс. Елбасының тікелей тапсырмасымен арнайы жоба қолға алынған болатын. Бірақ, ол инфрақұрылымды дамытумен шектелді. Негізгі межесі – жұмыс орындарын құру, жастарды тарту істері ілгерілемей тұр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
Ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу. Оларды ауылда тұрақтау. Кім ертең жұмыс істейді ауылда?! Үкімет осы мәселені шешуі керек.

Мәжіліс пен мәслихаттардың келесі сайлауы конституциялық мерзім бойынша өтеді. Жиында осы мәселеге нүкте қойылды. Тұңғыш Президент: «халықпен жұмыс жүргізудің негізгі қағидатын жолға қою керек»,- деді. Ел мүддесіне сай келетін бағдарламаларды қолға алу қажет. Бүгін айтылған түйткілді мәселелердің барлығы «Nur Otan» фракциясының қатысуымен өтетін Үкіметтің арнайы отырысында тағы да талқыланбақ. Әрі жұмыстардың барлығы жаряилы түрде баяндалады. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Нақтырақ айтсақ, бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы:
 Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек.

Сонымен қатар Елбасы белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың  маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды. Партияның Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері де таныстырылды. Оның құрамына «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі пен «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Дәулет Кәрібек енді.

Хабарламаларға жазылу