Мерейі үстем жанұя - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мерейі үстем жанұя

20.08.2019

Бала - өмірдің мәні. Бұл - теріскейлік Ушаковтар отбасының өмірлік ұстанымы. Өз балаларын өсіріп, жетімдер үйінен тағы 2 баланы асырап алған. Бұл жанұя биыл «Мерейлі отбасы» байқауының өңірлік кезеңінде үздік атанған еді.

Сергей Ушаков - Ауған соғысының ардагері. Жұбайы Галина екеуінің 2 қызы бар. Олар бой жетіп, оқуға түскенде жетімдер үйінен екі бала асырап алуға бел буған.

Сергей Ушаков, қала тұрғыны:

Менің де, әйелімнің де шыққан отбасымызда бала көп болды. Сондықтан біз де балаларымыздың көп болғанын армандайтынбыз. Сосын үлкендермен ақылдасып, бала асырап алайық деп шештік. Үлкендеріміз қарсы болмады. Молшылық, ешкімнен қалып жатқан жоқпыз.

Галина Ушакова, қала тұрғыны:

Интернатқа барған кезімде осы екі қыз алдымнан жүгіріп шығатын, құшақтап, қасымнан кетпейді. Бір күні бізді алып кетші деп сұрады. Жүрегім дір етті. Күйеуім де қуанды, бауырымызға басып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Қазір София Көкшетаудағы медицина колледжінде оқиды. Ал Елена келесі жылы мектеп бітіргесін педагогикалық колледжге құжат тапсырмақ. Әзірге олар туғандай боп кеткен, ата-анасына қолқанат.

София Быкова, қала тұрғыны:

10 жыл бұрын бізді осы үйге алып келді. Қуанышымызда шек болған жоқ. Біз отбасымызбен түрлі байқауларға қатысамыз, ылғи жеңімпаз боламыз. Татумыз, жақсы көреміз бір-бірімізді.

Ушаковтар отбасы былтыр «Уақытша отбасы» жобасы аясында тағы екі қызды үйлеріне алған. Олар оқу кезінде Сергей мен Галинаның қасында. Осылайша өзгенікі деп өзектен теппей, тағдырдан теперіш көрген балаларды бауырына басқан жандардың мерейі тасып, облыстық байқаудан үздік атанды.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу