Қарағанды облысы алдағы қыркүйек айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысы алдағы қыркүйек айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді

19.08.2019

Елімізде келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Саладағы осы ауқымды шара қарсаңында Қарағанды облысында жаңа жүйе қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткізіліп, олқы тұстары толықтырылмақ. Денсаулық сақтау саласына серпіліс әкеліп, дамуына жағдай жасайды деп отырған сақтандыру жүйесіне қатысты жобаны жүзеге асыру үшін неліктен Қарағанды облысы таңдап алынды?

Енді он күннен соң Қарағанды облысының емханалары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді. Жаңа жобаның халыққа берер пайдасы қандай? Кедергісіз, сапалы ем алу үшін не істеу керек? Дәрігер мамандардан  құралған арнайы топ қазір қаладағы тұрғындар көп шоғырланған жерлерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Айнұр Жұматаева, Қарағанды қалалық №5 емхана менеджері:

Ең бірінші сұрақтары, әрине, қанша жарна төлеу керек, зейнеткерлер қалай төлейді, көпбалалы аналар қалай төлейді? Сол жарнаны ай сайын төлеп тұрған соң, бізге қандай қызметтер көрсетіледі? Қызметтер толықтай көрсетіле ме? Міне, осындай көптеген сұрақтар қойылады. Жалпы халықтың әсері жақсы. 

Қазір облыстағы емдеу мекемелерінің көбісінің жұмысы сандық жүйеге көшкен. Осыны ескере отырып, қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Қарағанды өңірі таңдап алыныпты. Ол үшін қазынадан 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

Евгений Щербов, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы дағдарыс орталығының басшысы:

Енді тұрғындар емханаға барғанда құжат тасып жүрудің қажеті жоқ. Науқаста медициналық сақтандырудың бар-жоғын дәрігерлер электронды жүйе арқылы біліп отырады. Бұл абзал жандарды қағазбастылықтан арылтып, жұмыс сапасын арттырады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру ережесінде көрсетілгендей,  жарна төлеуден мүгедек, зейнеткер, көпбалалы отбасы секілді 15 санатқа жататын азаматтар босатылады. Ал тұрақты жұмысы барлар  табысының 1 пайызын қорға аударып отыруы тиіс. Айта кету керек, кәсіпкерлер де бұған мүдделі болуы керек.

Гамаль Тоқсамбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы дәрігерлік көмектің кез-келген түрін алуға болады. Тіпті, МРТ, КТ секілді қымбат аппараттарда да кедергісіз тексеріле аласыз. Яғни салалық мамандардың қызметі меншік нысанына қарамастан қолжетімді болады.

Медициналық сақтандырудың артықшылығы — азаматтар  ұнатқан  емхана мен дәрігерге бара алады. Демек, кез-келген емдеу мекемесі науқастардың сеніміне кіру үшін барын салады, яғни бәсекелестік артады. Жүйенің тағы бір пайдасы — қорға түскен  қаржы есебінен дәрігерлердің біліктілігі арттырылып, емханалардың материалдық базасы жақсартылады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу