Түркістандық тұрғын өз үйінің алдына қоқыс төгіп кететіндерді қолға түсіре алмай жүр. Бәзбіреулер түнделетіп көше бойына тұрмыстық қалдықтарды, құрылыс қирандыларын тау ғып үйіп кетеді екен. Бұл жағдайдан жергілікті полиция да, қаланы тазалаумен айналысатын мекемелер де хабардар. Бірақ ешқанда шара қолдана алмай отыр.
Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:
Қаланың қақ ортасын қоқыс полигонына айналдырған кім? Күре жолдың бойы, тұрғын үйлердің дәл түбіне тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс заттарын төгетіндерге тосқауыл болмай тұр. Тазалаушы мекеме де, тұрғындарда осы сұрақтың жауабын таппай дал.
Осындай бассыздықты тұрғындар телефондарына талай рет түсіріп алған. «Алайда жүк көліктері әй-шәйға қарап жатқан жоқ. Күл-қоқысын қотара салып, қайқайып кетіп жатыр. Ал төгілген жуындының сасық иісі қолқаны алып, құрылыс қалдықтарының шаң-тозаңы көкке көтеріліп, дәретхана қағаздары мен полиэтилен есігіміздің алдына дейін ұшып келеді»,- деп тұрғындар шыр-пыр.
Сәния Қойтанова, қала тұрғыны:
Кім тастап жатқанын білмейміз, сасиды, жел тұрса, есік алдына дейін барады. Тиісті органдарға жазып жатырмыз. Ешкім хабар бермейді. — Тазалықшылар бүгін келді ме? — Иә, жаңа келді. Сіз хабар бергеннен соң, « бұған дейін бірде бір рет тазалағанын көргеміз жоқ»,- дейді.
Ал қаланың тазалығына жауапты мекеме өкілдері болса, «бұл жерді аптасына екі рет тып-типыл етіп жүрміз»,- дегеннен танбады. Қоқыстың тау боп үйіліп жатқанына тұрғындарды кінәлады.
Қанат Сейілбеков, «Жарық-тазалық» мекемесінің бас маманы:
-Мына қоқысты кім төгіп жатыр деп ойлайсыз?
- Бұл қоқысты төгіп жатқан Түркістан қаласының тұрғындары. Жауапсыз адамдар. Кез-келген жерге тастай береді. Апаруға ерінеді. Ол жерге барғаннан кейін ақша төгу керек. Қиындықтан қашады. Көрші қолаңдардан жинап алады да, ақшасын алып, осы жерге әкеп төгіп кете береді. Оны ұстау біздің құзырымызға кірмейді.
Ал құзырлы орган – жергілікті полициядан жауап ала алмадық. Заңсыз қоқыс төгетіндердің жолын кесу солардың жұмысы. «Үйіндіге үңілсе, қоқыстың қайдан шығып жатқанын бірден білер еді»,- дейді тұрғындар. Медициналық препараттар, дәрі-дәрмектің құтысы, ине, баланың жөргектері, тамақ қалдықтарынан көп нәрсе жоқ. Демек, бұл қандай да бір медициналық мекеменің қалдықтары. Одан ауру тарай ма деп қорқып отыр. Ал полицейлер әлі әрекетке көшкен жоқ.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ