Альпинистерді құтқару операциясы бойынша соңғы ақпарат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Альпинистерді құтқару операциясы бойынша соңғы ақпарат

19.08.2019

Жоғалған альпинистерге қатысты Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрлігі іздеу-құтқару жұмыстарын бастағандығын мәлімдеді. Бүгін таңертең арнайы топ тікұшақпен Тянь-Шань тауларына аттанған. Қазір бізбен алматылық әріптесіміз Алмат Әбдіраман байланысқа шығып тұр. Алмат, іздестіру жұмыстары қалай жүріп жатыр. Соңғы ақпаратпен бөліссеңіз?

Алмат Әбдіраман, тілші:

Кеш жарық, Данияр!  Жоғалған альпинистер Қырғызстанның «Ақсай трэвел» туристік компаниясының қызметіне жүгінген екен. Осыдан бірер минут бұрын аталған компанияның өкілдеріне телефон арқылы байланысқа шықтым. Мен тілдескен осы компанияның құтқарушы-кеңесшісі Тимур Малахуновтың сөзінше, бүгін тікұшақпен тауға көтерілген. Визуалдық шолу жасап, қараған. Бірақ ештеңе таппаған. Себебі ауа райының қолайсыздығынан кері қайтуға мәжбүр болған. Сондықтан олар ертең тағы да құтқарушыларды жібереміз деп отыр. Ал біздің мамандар Ішкі істер министрлігі бөлген тікұшақпен 4400 метр биіктіктегі базалық лагерьге көтеріліп, әрі қарай жаяу іздестіруді жоспарлаған. Алайда іздеу операциясы сол ауа райының қолайсыздығы мен қар көшкіні болуы мүмкін деген қауіптен кейін іздеуге кірісе алмады. «Жағдай күрделі»,- дейді құтқару тобының жетекшісі. 

Василий Певцов, құтқару тобының жетекшісі:

Біз қазір Қарқара базалық лагеріндеміз. Бүгін 13:20-да осы жерге келдік. Әрі қарай жұмыс істеуге ауа райы кедергі келтіруде. Сондықтан іздеу жұмыстарын ертеңге қалдырамыз. Себебі қазір жоғары көтерілгенімізбен ешқандай нәтиже шықпайды. Адамдарды табу үшін және іздері арқылы жедел анықтау үшін арнайы құрылғыларды пайдаланамыз.

Алмат Әбдіраман, тілші:

Жоғалғандардың туыстары кешеден бері әлеуметтік желі арқылы құзырлы органдар мен кәсіби альпинистерден көмек сұрап жатыр. Сонымен қатар олардың нақты қай жерде екендігін анықтау үшін шетелдік «Турайя» компаниясының көмегіне де жүгінген. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, мұндай биіктікте жұмыс істеу үшін суыққа үйренген құтқарушылар жіберілген. Оған Еуропадағы биік шыңдарды шығып, халықаралық сайыстарға қатысып жүрген 4 альпинист пен Ми-171 тікұшағы жұмылдырылған. Құтқарушылардың қатарында капитан Мақсұт Жұмаев, майор Аманжол Рахметов, топ жетекшісі, аға-сержант Василий Певцов бар.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу