18 тамыз еліміздің шекара қызметінің құрылғанына - 27 жыл. Су-жердегі шекараның жағдайын қырағылықпен күзететін сарбаздар әуе қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Әлемде көлемі жағынан 9 орын алатын жерімізді елдің шетінде, желдің өтінде жүріп қорғайтын шекарашыларға артылатын жүк ауыр. Шекарашы болудың қызығы қандай, қиындығы неде?
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
Жылқы — шекарашылардың қанаты. Себебі жылдың төрт мезгілінде де шекарашылар осы жылқымен шекараны күзетеді. Бұл кез келген ауыр техника бара алмайтын жерге бара алады. Сондықтан сапта тұрған әрбір сарбаз ауыздықпен алысқан арғымақты тізгіндей алуы керек. Шу жануар!
Әділбек Әбілхан бала күнінен шекарашы болуды армандаған. Ер қанаты атқа отырса, көңілі өсіп, таудың жолсыз, қия беткейлерін қиындықсыз еңсереді. Сарбаз сенімді серігіне айналған арғымағының жолда қалдырмайтынана бек сенімді.
Әділбек Әбілхан, қатардағы жауынгер:
Күршімнің оқу орталығын бітіріп, Қарасай шекара отрядына келіп, осы Қарасай шекара отрядының Қарғалы бекетіне ауыстым. Енді алдағы қызметім осы Қарғалы шекара бекетінде өтеді.
Еліміздің шекарасының жалпы ұзындығы 13394 шақырым болса Қарасай шекара жасағына қорғау үшін берілген жер 333 шақырым. Шекара жасағына тиесілі жердің басым бөлігі таулы, қыратты.
Руслан Бекмұратұлы, Қарасай шекара жасағының бастығы:
Мемлекеттік шекара бұзушысын жүрген бағыты бойынша іздеу жүргізсек, түнде адам көре алмайтынды ит алады. Ит ізбен алады. Сондықтан иттердің көмегі және қызметтік жылқылардың пайдасы өте көп.
Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Шығыс өңірлік басқармасының ішінде жауынгерлік іс-әрекетінің нәтижесі бойынша Қарасай шекара жасағы үздік деп танылған. Тамыз айында мұздай қаруланып шекара сызығын кесіп өткен екі шекара бұзушы құрықталған. Ал жыл басынан бері шекара тәртібін бұзбақ болған 600 азамат ұсталған. Сондықтан қызмет барысында қырағылық танытқан еліміздегі әрбір шекарашы отанымыздың берік қалқаны.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ