Құрғақшылықтың кесірінен мыңдаған гектар алқапқа мүлде егін шықпай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрғақшылықтың кесірінен мыңдаған гектар алқапқа мүлде егін шықпай қалды

16.08.2019

Қостанай облысында құрғақшылықтың кесірінен мыңдаған гектар алқапқа егін мүлдем шықпай қалды. Ылғалдың жетіспеушлігінен, әсіресе облыстың оңтүстік аудандардың диқандары қатты зардап шеккен. Шабындықтарға шөп шықпай, мал азығының тапшылығы туындап отыр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Наурызым ауданының аумағындағы алқаптардың бірі. Жаздай жаңбыр тамбаған. Соның кесірінен егін күйіп кетті. Бойы 10 см-ден аспайды. Басында бір түйір дән жоқ. Яғни бұл алқаптағы астық жинауға жарамсыз.

Нұрқат Ташмағанбетов 22 жылдан бері несібесін қара жерден теріп келеді. Осынша уақыт ішінде мұндай жағдайды басынан өткермепті. Биыл 1400 гектар жерге дән септі. Көктемде ылғал жауып, тыңайтқыш сеуіп, топырақ баптаудың барлық талабын мүлтіксіз атқарған. Осының бәріне 35 миллион теңге қаржы жұмсапты. Аптап ыстық — есіл еңбек пен қыруар қаржыны тура мағынасында күйдіріп жіберді.

Нұрқат Ташмағанбетов, шаруа:

Әкімдік, Үкімет тарапынан көмек болмаса келесі жылы еге алмаймыз егінді. Қоятын шығармыз бәрін. Қарамағымда 15-20 адам бар. Оның бәрі жұмыссыз қалады. Қазір жалақыны қалай берерімді білмей отырмын. Жағдай өте қиын. 

Наурызым ауданы бойынша егіс алқабы 245 мың гектар. Соның 30 пайызы толық күйіп кеткен. Ораққа іліккенін жинап жатыр. Әзірге көрсеткіш гектарына 2 жарым центнер ғана. Егіні мүлде шықпай қалған 5 шаруашылық өтемақы алуға өтініші беріпті. Мамандар мұндай өтініштің әлі талайы түсуі тиіс деп отыр.

Евгений Ярошенко, Наурызым аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

 Облыста арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында министрліктен бастап облыстық басқармалар өкілдері бар. Алқаптарды аралап, хаттамалар толтырдық. Соған сәйкес, шаруаларға қандай көмек көрсету қажеттігін анықтаймыз.

Биыл Қостанай облысының диқандары 5 миллион гектарға жуық алқапқа дән  салған. Соның 1 миллион гектардан  астамына ғана егін бітік өсіпті. Қалғанының  шығымы төмен немесе мүлде ораққа ілікпейді. Ендігі мақсат — осы азғантай астықты ысырапсыз жинап алу.  Ал шығынға батқан шаруаларға қалай, қаншалықты көмек көрсетілетіні туралы әзірге нақты мәлімет жоқ.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

 

 

Хабарламаларға жазылу