Арыстағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мыңдаған тұрғынның құжаттарын тегін рәсімдеп берді. Кей азаматтардың жеке басын куәландыратын құжатынан бастап, қираған, бүлінген үйлерін қалпына келтіруге қажетті меншік иесі екенін дәлелдейтін анықтамаға дейін қалпына келтірді. Атап айтсақ, шілде айының өзінде 900-ге тарта техникалық төлқұжат, 3,5 мыңға жуық меншік иесі туралы мәлімет, жылжымайтын мүлік дерекқорындағы қателікті түзеу бойынша 800-ден астам тұрғынға қызмет көрсеткен. Айта кетейік, Арыстағы төтенше жағдайдан аталған мекемеге де айтарлықтай зақым келген. Сол себепті мамандар алғашында күн астында отырып халыққа қызмет етті. Бірақ «Азаматтарға арналған үкімет» корпарациясы ғимаратты тез арада жөндеп берді. Көрші аймақтардан қосымша 25 қызметкерін алдырды. Осылайша, күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, тұрғындарының құжаттарын тез арада түгендеп берді.
Айдар Ысқақов, Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы:
Арыс қаласына төленетін өтемақыға және зақымданған тұрғын жайларды жөндеуге байланысты жиналатын құжаттар топтамасында біздің мекемеден берілетін анықтамалар болғандықтан халық саны бірден артты.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ