Қарабас елді мекеніндегі 11 отбасы баспаналарының орнына әскери базаның салынуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарабас елді мекеніндегі 11 отбасы баспаналарының орнына әскери базаның салынуына қарсы

14.08.2019

Қарағандының іргесіндегі  Қарабас елді мекенінде тұратын 11 отбасы жылы орындарын босатуға мәжбүр. Себебі жылдар бойы тұрып келген екі қабатты үйдің орнына жақын маңда орналасқан әскери база үшін жаңа ғимарат салынбақ. Бейқам тіршіліктегі тұрғындар мұны естігенде төбелерінен жай түскендей болыпты. Оларға  баспананың құны төленбек. «Алайда бұл қаражат дені дұрыс пәтер алуға жетпейді»,-дейді тұрғындар.

Бұл үй 1956 жылы салынған. Мұнда 11 отбасы тұрады. Шеткі көшеде  орналасқасын жұрт мал ұстап, қора-қопсыларына дейін салып алған. Мамыражай тірліктің сиқы былтыр бұзылыпты. Үй тұрған орын осы маңдағы әскери базаға қажет болыпты. Баспананы босату жөніндегі хаттар келгенде тұрғындар жағаларын ұстаған.

Наталья Северьянова, Қарабас елді мекенінің тұрғыны: 

Егер бір айдың ішінде сотқа жүгінбесек, өтемақы төлеп үйден мәжбүрлеп шығарамыз деп отыр. Біз 4 жылдан бері үйге өз күшімізбен су тартып, жарық жүйесін ретке келтірдік. Енді соның барлығы бекер болып отыр.   

Тұрғындарға баспаналары үшін өтемақы беріледі. «Алайда ол қаражатқа Қарабастан баспана ала алмаймыз», -дейді олар.

Қорлан Сейіткамалова, Қарабас елді мекенінің тұрғыны: 

Маған беріп жатқаны 1 миллион 585 мың дейді. Содан шығын деп 58 мың ұстап қалады екен. Сонда біз қайда барып күн көреміз 1 миллонға үйді қайдан аламыз?   «2 жарым миллион»,- дейді. Біз барып көрдік. «Малымызға деп үй алайық»,- деп. 3 миллион сұрайды. Берген ақшалары осы, әкім түк істей алмайды. Абайға, ауданға да барып келдік. Ешкім ештеңе істемейді сонда біз далада қаламыз ба?

Ұсынылған қаражатқа суы мен кәріз жүйесі жоқ, саманнан салынған ескі үй алуға болады екен. Бұған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Өздеріндегідей кірпіштен қалың өрілген, ішінде жанға қажеттілігі жасалған баспана беруін талап етуде. Алайда жергілікті билік: «тәуелсіз сарапшылар есептеп берген құннан бір тиын да артық бере алмаймыз»,- дейді.

Әлібек Әліпбеков, Қарабас елді мекенінің әкімі:

Тұрғындарға хабарлама таратылып, ол заңдық талап ретінде құзыретті органда тіркелген болатын. Жоғарыда көрсетілген мүліктерді мемлекеттің мұқтаждығына алынған жағдайдағы оған  төленетін өтемақы көлемі анықталып, шарт тұрғындарға жіберілді.

Осылайша, тұрғындарға екі шарт қойылып отыр. Не берген ақшаны аласың, болмаса біз көрсеткен жерді барып паналайсың. Ал тұрғындар  болса баспана алуға жететін қаражат бөлуді талап етіп сотқа арыз түсірмек.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу