Ұлттық арна тілшісі құтқарушылардың жұмыс күні қалай өтетінін көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна тілшісі құтқарушылардың жұмыс күні қалай өтетінін көрді

13.08.2019

Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы 37 адам суға кетті. Оның 17-і – бала. Жаздың ыстық күндерінде Жетісудың маржандары – Алакөл, Балқаш, Қапшағай сынды көлдеріне түсіп, демалушылар саны арта түседі. Дәл осы үлкен айдындарда құтқарушылардың жұмысы да еселенеді. Қайғылы жағдайға жол бермеу, өлім-жітімнің алдын алу және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мамандар бар күшін салуда. Балқаш көліндегі қарбаласты өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы көріп қайтты.

Адам суға батқанда алдымен қандай әрекеттер жасау керек? Балқаш көліндегі құтқарушылар демалушыларға шеберлік сағатын өткізіп, мысал ретінде көрсетті. Дұрыс жасалған алғашқы көмек - адам өмірін аман алып қалудың алғышарты.

Сарқан құтқару бекетінің басшысы Талғат Ахметхановтың бұл салада жүргеніне 40 жылдан асты. Жыл он екі ай көл басында. Жазда демалушыларды, ал қыста балықшыларды күзеткен маман түрлі жағдайлардың куәсі болып жүр. Ал қызметіндегі ең қиын сәті қайғылы хабарды жеткізу екенін айтады.

Талғат Ахметханов, Сарқан өңірлік суда құтқару бекетінің басшысы:

Ең қиыны - қайғылы хабарды ағайынға жеткізу. Не істеріңді білмейсің. Не айтарыңды білмейсің. Сенен бір жақсы хабар күтеді. Бірақ кейбір жағдайларда амал не?

Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында құтқарушылар күнделікті шолғындардан бөлек, демалушыларға ескерту парақшаларын таратып, түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Құтқарушылардың жүргенін көріп, тынығушылар да алаңсыз суға түседі.

Ғайша Төркінбекова, Матай ауылының тұрғыны:

Қуанып қалдым, бізде құтқарушылар бар екен ғой деп. Кішкентай балалармен келдік қой. Сонымен өзіміз де қарайлап отырдық. Соның өзінде сіздер айтқаннан кейін де көбірек көңіл бөле бастадық.

Құтқарушылар Балқаш көлінің шығыс жағалауының 25 шақырым аралығын қадағалайды. Күніне үш ауысым кезекшілік ұйымдастырып, жағаны бірнеше реттен шолып отырады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Құтқарушылардың кәсіби шеберлігінің биік шыңы - суға сүңгу қабілеті. Бүгінгі таңда Сарқан өңірлік құтқару бекетінің әрбір құтқарушысы 20 метр тереңдікке сүңги алады. Ал мына жер шамамен 5 метр терең екен. Біз қазір соны бағамдап көреміз.

Биыл Алматы облысында суға батып қайтыс болғандардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерде шомылған. Сондай-ақ, көбі мас күйінде суға түскен.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу