Арал ауданында елді мекендерді сумен қамту және шабындық жерлерді суландыру мақсатында төрт жоба жүзеге асырылуда. Көкіш, Баян, Қаһар каналдарының арнасы тазартылып, қайта қазылып жатыр. Төрт жерге су реттегіш шлюз қойылады. Себебі ауданда егіншілікпен айналысатын жалғыз ауылдағы егіс алқаптарына қазір су насоспен беріледі. Бұл өте қиын шаруа. Ал жөндеу жұмыстары аяқталған соң су шаруашылыққа және шабындыққа еркін жететін болады.
Сондай-ақ, бұл каналдар қазылып болса, стратегиялық маңызы бар Ақлақ су тоспасына төнетін қауіп жойылады.
Шөмен Андызбаев, Бөген ауылдық округінің әкімі:
Сең жүрген кезде, мол судың кезінде Ақлақ су тоспасына мұздар тіреліп, қауіп туғызады. Соның алдын алу мақсатында мына Баян және Көкіш каналына Үкіметтен ақша бөлініп, қазір жұмыстарын жасауда. Қауіпті жағдай кезінде шлюзді ашып, су жіберіп, оны қайта жауып, қатынасты реттеуге толық мүмкіндік бар.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ