Ақмола облысында қысқа дайындық қызу жүріп жатыр. Шаруалар әрбір ашық күнді пайдаланып, мал азығын жинаумен айналысуда. Бүгінде өңірдегі шаруашылықтар мен серістіктер шөп жабу науқанын аяқтап та қалды. Осы уақытқа дейн ақмолалықтар 1 миллион тоннадан астам шөп орып алған.
Ермек Елберген, тілші:
Қазір көпжылдық шөптерді шабу жүріп жатыр. Бұл алқапқа өсімдіктер осыдан 8 жыл бұрын егілген екен. Содан бері шаруашылық әр жыл сайын өнімін алып келеді. Ал қазір комбайндар бұл шөптерден бөліп алып жатыр. Бұл өсімдіктің тұқымы өте бағалы. Нарықтық құны бір тоннасы 270 мың теңге шамасында.
Ақмола облысында көпжылдық шөптер 500 мың гектар аумақты алып жатыр. Одан бөлек жыл сайын 180 мың гектарға мал азығы себіледі. Шаруашылықтардың басым көпшілігі шөп шабу науқанын аяқтаған. Қазір тұқым жинау жүріп жатыр.
Берікбол Тоқай, комбайншы:
Ауа-райы жақсы. Орып жатырмыз. Бүгін екінші күн. Осындай ауа-райы тұрса, бірер күнде бітіп қаламыз. Астындағы комбайнның нормасы 70 гектар күніне. Ауа-райы жақсы болса, таңертеңнен кешке дейін 70 гектар орындаймыз.
Бұланды ауданындағы "Журавлевка" серіктестігі 900 гектардан қысқа мал азығын жинайды. Жыл сайын 220-230 гектарға көпжылдық шөптерді егіп жаңартып отырады.
Григорий Черненков, серіктестік менеджері:
Биыл ауа-райы жағдайы қатал. Көктемде суық болды. Бұл шөптің бітік шығуына кедергі жасады. Жазда аптап ыстықтар болды. Ол да кері әсерін тигізді. Гектардан 9 центнерден өнім алдық. Ал былтыр 3 тоннаға дейін жетіп қалады. Дегенмен барын жинап алдық.
Жылда егін салған сияқты мал азығын себу де кеңінен қолданылуда. Бұрын даладағы шөпті шабумен шектелетін шаруалар, енді осындай тиімді тәсілге көшкен.
Серік Шайгөзов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:
Біздің жоспар бойынша биыл қыс мезгілінде облыстағы шаруашылықтарда 225 мыңнан астам мал болады. Қажетті шөптің көлемі 1 миллион 114 мың тонна. Бүгінде бұл мөлшер толығымен жиналды деп айтуға болады. Науқанға 5 мыңнан астам адам жұмылдырылды. 4 мыңдай техника қолданылды.
Қожалықтардан бөлек, қосалқы үй шаруашылығымен айналысатын тұрғындар да белсенді түрде қыстың қамына кіріскен. Олар да техникаларын сайлап дала жұмыстарын атқаруда.
Ермек ЕЛБЕРГЕН