Алматылықтар жеміс ағаштарын отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар жеміс ағаштарын отырғызды

09.08.2019

«Бір жылыңды ойласаң, күріш ек, жүз жылыңды ойласаң, ағаш отырғыз, мың жылыңды ойласаң ұрпақ өсір». Осы тәмсілді өмірлік мұратына айналдырған алматылықтар бүгін шаһардың ажарын аша түсу үшін жеміс ағаштарын отырғызды. Себебі, кейінгі жылдары апорттың отаны саналатын Алматыда алма ағашының саны күрт азайып кеткен. Сондықтан, белсенді жастар тұмса табиғатты сақтап қалу мақсатында қаланы жеміс-жидекпен көмкермек.

Бұл бағытта бірнеше жобалалар қолға алынған. Солардың бірі - Атакент орталығындағы тілшілер саяжолын жеміс ағаштарына толтыру. Оған мегаполистегі Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз қолдарымен көшет отырғызды. Жалпы, Атакент орталығында 9600 түп әртүрлі ағаш бар. Тілшілер қауымы олардың қатарын 100-ге жуық көшетпен толықтырды. «Болашақта жасанды тоғайды қалыңдату үшін әртүрлі мамандық иелеріне арналған саяжолдарды көбейтуді жоспарлап отырмыз»-, дейді ұйымдастырушылар.

 

Бауыржан Асанұлы, «Достар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

Әрбір ағаштың өзінің иесі болады. Тек бүгін ғана емес, болашақта да жалғассын деп, осындай шара өткіздік. Әлі көптеген жоспарымыз бар.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу