Қайыңды көлінің суы жылдан-жылға азайып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайыңды көлінің суы жылдан-жылға азайып барады

08.08.2019

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі аумағында туристерді көп қызықтыратын нысан – Қайыңды көлі. Парк қызметкерлері табиғаттың осы бір тамаша туындысынан айрылып қалуымыз мүмкін деп дабыл қағып отыр. Себебі табиғи тоспа тозып, жылдан жылға көл суы азайып барады.  9 жылда көл суы 10 метрге төмендеген. «Қайыңдыны сақтап қалу үшін мәселені мемлекеттік деңгейде қарау керек»,- дейді мамандар.

Көлсай көлдерінің ішінде Қайыңдының орны бөлек. Көл ортасындағы алып қарағайлар ертегі әлеміне енгендей ерекше бір әсер қалдырады. Дәл осы көріністі тамашалау үшін шетелдіктер мұнда көп келеді. Әсіресе еуропалықтар тұмса табиғатқа тәнті болып жатыр.

Филипп Миранда, саяхатшы /Португалия/:

Мына табиғат құдды бір жұмақ сияқты. Өте керемет! Қазақстанда осындай сұлу көл бар деп ойламаппын. Шарын шатқалдарына да бардым. Осындай тамаша жерлері бар сіздер өте бақыттысыздар.

Алайда шетелдіктердің тамсанған Қайыңды көліне қауіп төніп тұр. Жер сілкінісінен кейін табиғи бөгет пайда болып, сайға су жиналып көлге айналды. Әйтседе, бөгет жылдан-жылға тозып барады. Салдарынан су деңгейі төмендеп кеткен.

 Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Көлде тұрған қарағайлардан Қайыңды көлінің деңгейінің қандай болғанын аңғаруға болады. Ал төменгі жағында ылғалданып тұрған жерде биылдың өзінде судың қанша сантиметр төмендеп кеткенін байқауға болады.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің басшылығы дабыл қаққалы біраз  болды. Бірақ  ешкім құлақ аспады. Үкімет пен Парламентке де талай жазылды, қарекет жоқ.  

Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» МҰТП Туризм бөлімінің басшысы:

Жобалық-сметалық құжаттар дайындалу керек. Оған үлкен қаражат бөліну керек. Ол қаражат мемлекет тарапынан бөлінбесе, ұлттық парк өзінің тарапынан жағдай жасауға үлкен қаражат талап етеді. Сондықтан, бұл мемлекеттің мәселесі.

 Қайыңдыдағы тағы бір үлкен мәселе — жол. Саты ауылынан көл басына жету қиын. «Қайыңды көлін сақтап қалып, инфрақұрылымын ретке келтірсе туризммен-ақ Кеген ауданы экономикасына қан жүгіртуге болады»,- дейді мұндағылар.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу