Атыраулық кәсіпкерлер РФ қарасты Қалмақ Республикасына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық кәсіпкерлер РФ қарасты Қалмақ Республикасына барды

30.07.2014
Атыраулық кәсіпкерлер РФ қарасты Қалмақ Республикасына барды

Ауыл шаруашылығы саласындағы  шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында атыраулық кәсіпкерлер Ресей Федерациясына қарасты Қалмақ Республикасына барды.

 Іссапар кезінде қалмақ еліндегі  мал шаруашылығының дамуымен танысып, тәжірибе алмасты.

Cонымен қатар, әріптестік қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайту жолында алғашқы қадам жасады.

Қалмақ Республикасы экономикасының күретамыры - мал шаруашылығы. 280 мың тұрғыны бар елде мал басы 3 миллионнан асады.

Демек, әр адам басына шаққанда шамамен 14-15 түліктен  келеді. Сондай-ақ, бұл өңір - Ресей Федерациясы бойынша мал басы ең көп аймақ.

Атыраулық кәсіпкерлердің басты мақсаты - осы елдегі  мал шаруашылығының дамуымен  жете танысу болатын.  Сол себепті, олар қалмақтардың  асыл тұқымды малдарын көрді.

Сондай-ақ, шұжық өңдейтін цехта болып, олардың жұмысымен танысты. Бұдан басқа, отандық кәсіпкерлер қалмақ бизнесмендерінен асыл тұқымды малдарды сатып алу жөнінде уағдаласты. 

Мұрат Нақпаев, кәсіпкер:                                                               

 Асыл тұқымды малдарды өзіміздің шаруашылығымызға алу туралы келісімшарт жасастық. Асыл тұқымды қалмақ түйелерінің артықшылығы бар. Олар біздің түйелерге қарағанда төзімді және жақсы тұқым беретін мал.

Қалмақ Республикасында мал санын көбейту оң жолға қойылғанымен, оның жүнін өңдеу, сүтінен өнім өндіру кенжелеп қалған.

Сондықтан да, бұл елдің үкіметі Қазақстанмен берік әріптестік қарым-қатынас орнатып, осы кемшін тұстарын дамытқысы келеді.

Сондай-ақ, мұнай-газ саласында да біздің елдің тәжірибесіне сүйеніп, ауқымды істерді жүзеге асырмақшы. 

Игорь Зотов,  Қалмақ Республикасының премьер-министрі:                                                                                 

Екі ел арасындағы байланысты нығайту - біз үшін өте маңызды. Қазақстан қарқынды дамып келеді. Сіздің елден үйренетініміз көп. Бүгінгі кездесуден кейін Атырауға шақырту алдық. Бұл сәтті міндетті түрде пайдаланатын боламыз.

Осылайша, Ресей Федерациясының Астрахань облысында, кейін Қалмақ Республикасында іссапармен болған қазақстандық іскер топ бірлесіп атқаратын жұмыстарды нақтылап, бірнеше келісімшарт жасады.

Ғұмар Дүйсембаев, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары:                                                                    Ресейдің Астрахань облысымен, Қалмақ Республикасымен байланыс нығайып жатыр. Осы жұмыс келешекте де жалғаса беретін болады. Тек өндіріс саласында емес, мәдениет саласында да байланыс артатын болады.

Алдағы уақытта мұнайлы өңірге Астрахань облысынан, Қалмақ Республикасынан бір топ делегация келіп, Атыраудағы кәсіпорындардың жұмысымен танысатын болады. 

Осындай кездесулер арқылы тараптар мықты әріптестік байланыс орнатып, экономиканы қуаттамақшы.

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу