Қоршаған ортаға миллондаған теңге шығын келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоршаған ортаға миллондаған теңге шығын келген

07.08.2019

Қоршаған ортаға миллондаған теңге шығын келген! Ақтөбеде өзен арналарын кеңейту жұмыстары кезінде «Қызыл кітапқа» енген 100-ден астам жабысқақ қандыағаш кесілгені белгілі болды. Бұл туралы бүгін облыс прокуратурасының өкілдері мәлімдеді. Қазіргі таңда өзендердің түбін тазалап, ағаш кесумен айналысқан үш мердігер компания мен екі мемлекеттік мекемеге қатысты қылмыстық іс тергелу үстінде.

Жергілікті билік тасқынның алдын алу мақсатында су арналарын кеңейтуді былтыр бастаған еді. Тұрғындар мен экологтар  өзендердің кеуіп қалуына сол жұмыстар себеп болғанын айтып, дабыл қағып келеді. Нәтижесінде, арнайы құрылған комиссия компаниялардың қызметін уақытша тоқтатты. Бірнеше мекемеге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 

Азамат Құстанов, Облыс прокурорының аға көмекшісі:

Мердігерлерге қатысты ҚР ҚК 339, 340 бабына, яғни ағаш бұталарын заңсыз кесу, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген ағаштарды кесу бойынша 5 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 120-дан астам ағаш кесілгені анықталып жатыр. Келтірілген шығын, тағы да айта кету керек, жобамен 5-6 миллион шеңберінде.

Мердігер компаниялардан бөлек, қазір «өкілеттіліктерін асыра пайдаланды» деген күдікпен екі мемлекеттік мекеменің әрекеті де тергелуде. Олар орман шаруашылығы басқармасы мен облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясы. Дегенмен, нақты қанша адамның және кімдердің заң алдында жауап беретіндігі айтылмады. Ал арнайы құрылған комиссия  қазірге дейін атқарылған жұмыстарды бағамдап, алдағы міндеттерді белгілеп жатыр.

 

Жандос Өтеулин, Қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Барып, өзен-көлдерді аралап, нақтылап, соның шешімін береді. Қанша тал бар бізде, қанша талды кесуге болмайды, қаншасын кесуге болады деген сияқты. Осы жөнінде жұмыс жүріп жатыр.

Өзен арналарын кеңейту жұмыстарына 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Әкімдік өкілдері қазірге дейін оның бір миллиардтан астамы жұмсалғанын жеткізді.

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбе маңындағы өзендердің көп жерінің осылай астан-кестеңі шығып жатыр. Арналарда бір тамшы су қалмаған. Тазарту,кеңейту жұмыстарының енді қай бағытта жүретінін мамандар алдағы 10-15 күн ішінде нақтылауы тиіс.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу