Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде 34 нысан жекешелендірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде 34 нысан жекешелендірілген

29.07.2014
Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде 34 нысан жекешелендірілген

Жекешелендірудің тиімді тұстары көп. Мұны елдегі кәсіпкерлер ұтымды пайдалануда. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында тек жарты жылдың ішінде 34 нысан жекешелендірілген. Олардың барлығы да - өңірдегі әкімшілік ғимараттар.

Халима Тартуманованың Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы мына ғимаратты сатып алғанына көп уақыт бола қойған жоқ.  Кәсіпкер әйел бұл нысанды алу үшін үйінен шықпай-ақ, электронды бәссауда арқылы ұсыныс білдіргенін айтады. Қазір 57 шаршы метрді құрайтын ғимараттың ішіне жөндеу жүргізіліп жатыр. 

Халима Тартуманова, жеке кәсіпкер:

Дүкен ашуды жоспарлап отырмыз, ең бірінші жөндеу жүргізген соң, жаңа кейіпке енеді. Тұрған жері өте қолайлы. Ауылдың орталығы, келімді-кетімді кісілер де көп.

Бәссауда арқылы сатуға шығарылған нысандардың барлығы да әкімшілік ғимараттар. Көбі қаңырап бос тұрған немесе мақсат бойынша пайдаланылмағандықтан жекешелендіруге берілген. Облыс бойынша мұндай нысандардың 34-і сатылды.

Петр Дмитриенко, ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің СҚО департаментінің басшысы:

Жекешелендірудің тиімді тұстары өте көп. Біріншіден, бұл ғимараттарды сатудан түскен қаржы қомақты. Ал ертең бұл нысандардың жұмысынан салық төленеді. Бұған қоса, сатып алушыларға барынша жағдай жасалады. Тұрғындар электрондық бәссаудаға үйде отырып-ақ қатыса алады.

Жекешелендірудің тиімділігі, өңірде бизнес нысандарын көбейтуге әсер етеді, дейді мамандар. Өйткені, жаңа ғимарат тұрғызғаннан гөрі, пайдалануға жарамды әрі инженерлік коммуникациялар тартылған нысандардың сатылып алынуы пайдалы.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу