Мереке қарсаңындағы марапат. Көлік қызметкерлері күні қарсаңында салада аянбай еңбек етіп жүргендерге құрмет көрсетілді. Ең үздік мамандарға Алғыс хаттар беріліп, кеуделеріне төсбелгілер тағылды.
Машинист, жолсерік, жол жөндеу шебері, жүк тасымалдау бөлімшесінің қызметкері. Бүгінгі мерекеде теміржолшылардың ерен енбегі елеусіз қалмады. Сауат Мыңбаевтың қолынан марапатқа ие болғандардың бірі — Эдуард Дербесов . Осы салада 40 жылдан астам қызмет етіп келеді. Арыс қаласының тұрғыны. Тоғыз жолдың торабы орналасқан аймақта төтенше жағдай болғанда, бөлімшеде қалған. Жағдайды бақылап, өз ісінің маманы ретінде қолдан келгенше аянбаған. Өйткені Арыс жарылысы кезінде, темір жол бойында түрлі газ, бензин, сұйық хлор құйылған жүк тасымалы контейнерлері тұрған еді.
Эдуард Дербесов, «Қазақстан темір жолы» компаниясы жедел қызмет бойынша Арыс станциясы басшысының орынбасары:
Екі тәуліктен кейін қалпына келтіру жұмыстар басталды. Пойыздардың бәрін өткіздік. Содан былай қарай қалыпты жұмыс істеп келе жатырмыз. Ал теміржолшыларды құттықтаймын, жұмыста табысты болыңыз!
Көлік логистикасы — экономиканың күретамыры болғандықтан, бұл саланы дамытуға әркез баса көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте, құрамында 125 мың қызметкері бар еліміздегі ең ірі жұмыс беруші компания – Қазақстан темір жолының маңызын атап өтуге болады. Құрамында 53 мың жүк, 2200 жолаушылар вагоны бар тасымалдаушы мекеме қатынасты жеңілдетіп отыр.
Ибрагим Жаманшиев, «Қазақстан темір жолы» компаниясы Атырау магистральді желі бөлімі Құлсары жол дистанциясының бөлім басшысы:
Осы мекемеде 1976 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мақсатымыз — темір жолдың үстінен жүрген пойыздың қауіпсіздігін сақтау, ақауларды қалыпқа келтіру. Барлық Қазақстанның теміржолшылары төл мереке құтты болсын дегім келеді. Жасап жатқан жұмысымыз жемісті болсын. Теміржолымыз жетістіктерге жете берсін.
Осындай мамандардың жұмысқа деген адалдығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында көлік қатынасының болашағы зор болмақ. Ал бүгінгі салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ