Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген Әсел Рабатова әлемдік 12 университеттің білім грантын ұтып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген Әсел Рабатова әлемдік 12 университеттің білім грантын ұтып алды

01.08.2019

Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін биыл бітірген Әсел Рабатова әлемнің озық 12 университетінен тегін оқуға шақырту алған. Ең беделді жоғары оқу орындары қазақ қызына өз гранттарын ұсынып отыр.

Канада, АҚШ, Нидерланды, Гонконгтың үздік жоғары оқу орындарында тегін оқуға шақырту алған Әсел 8-сыныптан-ақ мектеп өміріндегі барлық шараларға белсене араласты. Ағылшын тілін жетік меңгергендігінің арқасында халықаралық жиындар мен форумдарға талай рет ерікті ретінде қатысқан. Жеңімпаз атанған.

 

Әсел Рабатова, мектеп түлегі:

Курстарға қатысу тегін болған жоқ. Ата-анам соны төлеп, мені қолдауға дайын болды. Мектебіме де үлкен алғысымды білдіргім келеді. Себебі олар біздің дамуымыз үшін барлық жағдайды жасады. Академиялық және жан-жақты баю жағынан көмек көрсетті. Бізді әрқашан қолдауда болды.

 

12 университеттің ішінде Әселдің таңдауы  Американың Сан-Франциско қаласындағы Minerva мектебіне түсті.  Жас талапкердің бұл университетке тоқталуының маңызды себебі бар. Өйткені аталмыш оқу орны студентке  4 жылдың ішінде 7 мемлекетте білім алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында Әсел Сан-Франциско,  Сеул, Буэнос-Айрес, Берлин, Лондон және Тайпейде мамандығын меңгермек.  Болашағын бизнес пен экономика саласымен байланыстыратын Әселдің мақсаты да биік. Шетелден мол білім мен үлкен тәжірибе жинап келіп, елінің игілігіне жұмыс істеуді армандайды.

 

Әсел Рабатова, мектеп түлегі:

Болашақта өмірім қалай болады екен деп ойлаймын. Әзірге жоспарларымды құрастырып қойдым. 4 жыл оқып болғаннан кейін, міндетті түрде магистратураға қатысып, әлемнің үздік бизнес школаларына түсуді армандап отырмын. Соны аяқтағаннан кейін, міндетті түрде елге оралып, 7 түрлі мемлекеттен алған тәжірибемді жинап, жақсы бизнес құрасам деп ойлаймын.

Әселдің ата-анасы оны жан-жақты етіп тәрбиелеген. Спортпен айналысады, бір кездері биші де болған. Бұған қоса, түрлі аспапта ойнайды.

Жасы небары 17-де болғанымен, талай жетістікке жеткен Әселдің болашағынан ата-анасы мен мектебі, туған-туыстары зор үміт күтеді. Рекорд орнатып, алпауыт мемлекеттердің университеттерінің 12-нен бірдей шақырту алған қазақ қызы осы айдың соңында мұхит асып, Америкаға аттанбақ.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу