2019 жылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2019 жылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

01.08.2019

Бүгін 2019 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Жалпы алғанда, биыл 53 785 грант бөлінген. Ал үміткерлер саны - 64 452 адам. Гранттың 13 мыңға жуығы – магистранттарға, 2300 – PhD докторларына беріледі. Оның 45 пайызы инженер, өңдеу және құрылыс салалары мен IT-технологияға бөлінген. Педагогика ғылымына - 8276,  жаратылыстану ғылымы, математика мен статистикаға - 4 мыңдай, 2 мыңға жуығы - өнер мен гуманитарлық ғылымдарға қарастырылған. Сондай-ақ 2435 грант - ауыл шаруашылығы мен ветеринарияға, 2200-дейі әлеуметтік ғылым, бизнес пен экономикаға жіктелген. 

Фатима Жақыпова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Тәртіп бойынша бізде аппеляция ҰБТ кезінде қарастырылған. Білім гранттарын тағайындау кезінде аппеляция деген жалпы ұғым жоқ. Бірақ дегенмен әр азаматтың өз құқығы бар. Өтініш жазып, біздің ұлттық тестілеу орталығына, Білім және ғылым министрлігіне жіберуге болады. Біз әділетті түрде  азаматтың өтінішін қарап, керек болса өзіміз жеке кездесіп, бизнес процесстерді көрсетуге дайынбыз.

Ал оқуға түсе алмағандарға тағы үш мың грант бөлінетін болды. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова мәлімдеді. Қосымша гранттар техникалық, педагогикалық және жаратылыстану мамандықтары бойынша беріледі. Бұл мүмкіндік аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты белгіленіп отыр. Айта кетейік, биыл «Алтын белгісі» бар 1200-ден астам бала грантқа түсе алмады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу