Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда

28.07.2014
Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалуы қарқын алып келеді.

Тек жыл басынан бастап, ауданда 120-дан астам түрлі  бизнес-жоба қаржыландырылған. Ол үшін 220 миллион теңге бөлінді.

Мамандардың айтуынша, бастапқыда көбіне мал өсіруге несие алатын жұртшылық біртіндеп шағын өндірістерді іске қосуға бет бұрып келеді.

Құмкөл ауылының тұрғыны Тоқтабек Китатов - ағаш ұстасы. Бұл іспен айналысқалы 10 жылдан асқан.

Алайда, қолдың қысқалығынан шеберханасын толыққанды іске қоса алмай келген. Биыл «Жұмыспен қамту-2020» жобасы арқылы 1,5 миллион теңге несие алған. Сөйтіп, қажет құрал-сайман мен шикізат алып, жұмысын жандандырды.

Тоқтабек Китатов, Құмкөл ауылының тұрғыны:

Көбінесе есік пен терезе жасаймыз. Аудан көлемінде шығарамыз. Болашақта көрші аудандарға шығарсақ, деген ой бар.

Ағаш ұстасы қазір өзінің екі ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Алда шеберхананы ұлғайтып, бояу цехын іске қосуды жоспарлауда. 

«Жалпы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы іске асқалы ауылды жерде өз ісін бастаған азаматтардың саны артып, жұмыссыздық азайып келеді», дейді мамандар.

Тілеуғабыл Көнекбаев, Құмкөл ауылының әкімі:

Негізгі басымдықты кәсіпкерлік және өндіруші салаға берейік, деп отырмыз. Қазір ауылда ағаш шеберханасы, темір жону цехы, көкөніс сақтау қоймалары мен дәнекерлеу цехтары бар.

Тарбағатай ауданы бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағытына сай, жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру да оңтайлы іске асуда.

Ол үшін Үкіметтен 15 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 100-ден астам ауыл тұрғыны жұмыс тапқан. 

 

Ержан ЖАҚЫП

 

 

Хабарламаларға жазылу