Талдықорғандағы 21/751 әскери базасы негізінде СУ-30 СМ жойғыш ұшақтарына арналған әмбебап жаттығу кешені ашылды. Бұл жерде әуе базасына келген жас ұшқыштар тәжірбие жинап, жаттығып, шеберліктерін шыңдайды. Кешенді СУ-30 СМ ұшақтарын шығаратын Ресей кәсіпорыны құрастырып, орнатып берді. Айта кету керек, мұндай жаттығу орталықтары дүние жүзі бойынша тек екі елде бар. Ол — Ресей Федерациясы және Қазақстан. Талдықорғандағы жаттығу кешені — еліміздегі ең алғашқысы. Заманауи технология және бағдарламамен қамтылған жаттығу залы жойғыш ұшақты басқарып отырғандай әсер қалдырады. Ал компьютерлік бағдарламада түрлі ауа райы және тәуліктің кез-келген уақыты жүктелген. Сондай-ақ ұшқыштар жаттығу кешенінде нысана көздеп, қарудың кез-келген түрін қолданып, машықтанады. Салтанатты жиын барысында инструкторларға арнайы сертификаттар берілді.
Рамазан Төлеген, әуе базасының аға инженері:
Кешенді жаттығудың ерекшелігі жауынгерлік ұшақтан гөрі экономикалық жағдайда жас ұшқыштарды ұшаққа жіберместен бұрын осы жерде алдын-ала дайындық курстарын өткіземіз. Бұл дегеніміз — жанармайға бәріне экономдау болып келеді.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ