Биылдың өзінде ауаға 340 мың тонна зиянды қалдықтар таралған. Бұған ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттыруы себеп болып отыр. Қызығы сол, оларға небары 2,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ әлі мемлекет есебіне толық өндірілген жоқ. Мәселен, өткен жылы «Қазақстан Алюминийі» АҚ қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың шекті мөлшерден артық болуына байланысты айыппұл салынған болатын. Биылда осы кәсіпорын өндірістік қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары кезінде айналаға құрғақ күл шашырандылары жайылуына жол бергендігі анықталды. Енді экология департаменті ғарыштан түсірілген бейнекөріністер арқылы шаң басқан аумақты зерттеп, қоршаған ортаға қаншалықты залал келтірілгенің анықтайды.
Әсел Мұхаметжанова, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Мамыр айында Павлодар алюминий зауыты гидрометаллургиялық цехтағы түтін газдарын тексеру нәтижесінде күкіртті сутек анықталды. Бұл зиянды зат бойынша келтірілген залал 39 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар арнайы құралдардың көмегімен жүргізілген өлшемдер №2 кальцинация пешінен шығарылатын азот оксиді бойынша шекті рұқсат етілген көрсеткіштері нормативтерінің артқаны тіркелді. Келтірілген шығын 2 млн. теңгені құрайды.
Болат АМАНБАЙ