«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыс беруші тарапынан зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз төленуіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыс беруші тарапынан зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз төленуіне қарсы

30.07.2019

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы зейнетақы жүйесіне енгізілгелі отырған өзгерістерге қатысты бүгін өз позициясын білдірді. Келесі жылдан бастап жұмыс берушілерге қызметкерінің жалақысының 5 пайызы көлемінде зейнетақы қорына қосымша жарна аударып отыру міндеттелгені белгілі. Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдықтың бірқатар кері әсері болады. Ең алдымен шағын және орта бизнеске ауыртпашылық түседі. Кәсіп қылып, өзгелерге жұмыс орындарын ашып отырғандар үшін бұл — қосымша шығын. Оның орнын жабу үшін бизнес өкілдері өнімінің, не болмаса көрсететін қызметінің құнын өсіреді. Яғни өзгеріс қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Және жұмыс берушілердің шығыны онсыз да жыл санап көбейіп келеді.  

 

Алена Романова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл бюджетке де қосымша шығын болуы мүмкін. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндерге төлеу үшін қосымша қаржы қажет екені анық. Ал шағын және орта бизнес өкілдері шығындарын азайту үшін қызметкерлерінің жалақысын азайтып көрсетеді. Яғни көлеңкелі бизнестің даму қаупі жоғарылайды. Сондықтан бұл сұрақты әлі зерттеп, талқыға салу керек деп есептеймін.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙ

Хабарламаларға жазылу