«Бірге - таза Қазақстан» жобасын жетісулықтар да қолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бірге - таза Қазақстан» жобасын жетісулықтар да қолдады

29.07.2019

«Бірге - Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жетісулықтар да қолдап, тазалық жұмысына бір кісідей атсалысты. Олар алдымен Балқаш, Алакөл, Қапшағай сияқты халық көп жиналатын демалыс орындарын қоқыстан тазартты. Игілікті шараға өңірдегі 20 ауданнан 40 мыңнан аса адам қатысқан. 

Қапшағайда 3 мың адам 40 шақырымға жуық жерді қоқыстан тазартты. Табиғат жанашырлары жағалаудан бөлек, 26 техниканың көмегімен қаладағы барлық көше, орталық саябақ, шағын аудандарды қосқанда, 220 гектар аумақты тазалап, 50 тоннадан астам тұрмыстық қалдықтарды шығарды.

 

Серікжан Бескемпіров, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

Барлық Жетісу жерінің жастары да, үлкендері де, барлығы осы акцияға қатысып жатыр. Тек қана осы елдер емес, осы жақта демалып жатқан елдер де осы акцияға қосылып өздері көмектесіп жатыр...

Игі бастамаға қапшағайлықтармен бірге, аудандардан келген белсенді жастар, демалуға келген туристер де үлес қосты. Олар арнайы қайықтармен қоймадағы барлық жағажайды аралап, қоқыстан тазартты. Қазір шомылу маусымы болғандықтан, халықтың қарасы қалың. Жағажайға күніне он мыңнан астам адам келеді. Сондықтан қоқыс та көп жиналады.

 

Рахым Тұрланов, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Осындай акциялар көп болса, киелі Жетісу жеріміз одан да киелі атанып, әдемі жерлеріміз одан да әдемі болады деген үміттеміз. Басқалар көрсін деген, жақсы оймен басталып жатқан іс-шара.

 

Амангелді Беспаев, Қапшағай қаласының тұрғыны:

Тазалық деген зор байлық! Мына келешек жастарға біз заманымызды, Қазақстанымызды таза жеткізуіміз керек.

«Бірге - Таза Қазақстан» акциясы қазір облыстың барлық ауданында өтіп жатыр. Әсіресе демалыс орындары, орталық көшелер мен саябақтарда тазалау жұмыстары жүргізілуде. Екі-үш күннің ішінде өңірде 1317 гектар аумақ тазаланып, 612 тонна қоқыс шығарылды.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу