Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік көмекке мұқтаж 5 мыңдай балаға жәрдемдеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік көмекке мұқтаж 5 мыңдай балаға жәрдемдеседі

24.07.2019

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жалпыға міндетті оқу қоры арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж 5 мыңдай балаға жәрдемдеседі. Бюджет қаржысына мектеп формасы мен тегін ыстық тамақ, мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Бұл туралы бүгін қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын ата-аналар тиісті құжаттарын алып, балалары оқитын мектептерге барса болады. Ата-аналардың өтініші бойынша биыл қор арқылы алынатын тауарлардың сапасына талап күшейтіледі. Ол үшін киім-кешек пен оқу құралдарын қабылдау комиссиясының құрамына ата-аналардан өкілдері кіреді. Жалпы биыл елордада 23 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін биыл қалада 3 жаңа мектеп пен 5 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынады.  

Әнуар Жанғозин, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы:

Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында мекептер ата-аналардың өтініштері негізінде сатып алу рәсімдерін өткізеді. Осы конкурстарға айтар өтінішіміз, жеткізілетін тауардың сапасына көңіл бөлу керек. Себебі бізге осыған қатысты көптеген  шағымдар келіп түсуде. 

 

Мемлекет қаржысынан бөлек кәсіпкерлер де аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындауға атсалысады. Бүгін дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. «Менің Атамекенім» атты порталы арқылы қайырымдылық жасап, тізім бойынша көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдемдесуге болады. Министрлік пен Кәсіпкерлер палатасы қалталы азаматтар мен мецентатрады акцияға белсенді қатысуға шақырды.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу