Алматы облысына 500-ден астам медицина маманы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысына 500-ден астам медицина маманы қажет

24.07.2019

Халқының саны жыл сайын артып келе жатқан Алматы облысына 500-ден астам дәрігер қажет. Соңғы 10 жылда аймаққа 2 мыңнан астам медицина маманы келген. Өңір үшін, әсіресе жалпы тәжірибедегі дәрігер, акушер-гинеколог, хирург пен басқа да мамандар тапшы болып отыр. Сондықтан Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Жас маман» бағдарламасын әзірлеп, өңірге келген ақ халаттылардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын қарастырып жатыр. 

Ақсу аудандық орталық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Жандос Есжанов Жансүгіров ауылына жолдамамен 2016 жылы келді. Жас маман білімі мен білігін көрсетіп, аз уақытта бөлімді басқарып кетті. Мұнда дәрігердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

 

Жандос Есжанов, бөлім меңгерушісі:

Қиыншылық көрген жоқпыз. Келгеннен соң басшылық та, әкімшілік те бізге үлкен бір қолдау көрсетті. Үй берді, көтерме ақы берді. Ол жағынан бәрі жақсы...

 

Жандостың жары Арай Қонысбаева — онколог. Екеуі бір мекемеде еңбек етеді. Былтыр ғана шаңырақ көтерді. Жас отбасының ауылда тұрақтануы үшін мемлекет тарапынан қолдау көп.  Жалпы 2009 жылдан бері өңірге 2162 маман келген. Басым бөлігінің әлеуметтік мәселесі шешілгендіктен қызметін жалғастыруда. Жергілікті атқарушы билік биыл облысқа 400-ден астам маман келеді деп жоспарлауда.  

 

Бауыржан Ысқақ, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Медицина қызметінің берілетін қызмет сапасын жоғарлату үшін дәрігерлерге қаралатын адамдардың саны да, артық дейді ғой. Сол тиісті болу керек. Бір дәрігерге 1700 адам қаралу керек. Бүгінгі күнде бұл сан өте жоғары. Сондықтан ол көрсеткішке жету үшін біз дәрігерлер санын көбейтуіміз керек.

 

«Мамандар негізінен Алматы, Қарағанды, Семей қалаларынан жолдамамен келуі тиіс. Осы қарқын жалғасса, дәрігерге деген тапшылық төмендеп, қызмет сапасы арта түспек»,- дейді мамандар.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу