Түркістан облысында 3 жарым мың гектар мақта алқабына зиянкестердің тұқымы таралып үлгерген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 3 жарым мың гектар мақта алқабына зиянкестердің тұқымы таралып үлгерген

24.07.2019

Өткен жылдармен салыстырғанда зиянкестердің көп болуы Түркістан облысындағы мақташылардың мазасын қашырып тұр. Мақтаның жауы саналатын көсек құртының бірнеше буыны дақыл гүлдеп, өнім байлайтын тұста жаппай жетілгелі тұр. Ауыл шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, бүгінгі таңда 3,5 мың гектар мақталық алқапқа зиянкестердің тұқымы тарап үлгерген.  

Бұл мақта көбелегінің тұқымы. Зиянкес көктем шыққалы осымен үшінші ұрпағын қалдырып үлгерген. Мақта үшін аса қауіпті саналатыны да осы буыны. Шаруалар агроном мамандармен ақылдаса келіп, бүгінгі таңда зиянкестерге қарсы биологиялық тәсілді қолданып жатыр.

 

Жарылқасын Мақсымов, шаруа қожалығының бригадирі:

Көбелектің ұшқан кезін байқаймыз. Соған не жіберу керек. Трихорамма ма, алтынкөз бе, габра ма? Егістіктің әр жеріне қойып, жұмыс жасаймыз.

 

Мақташылардың дені әзірге мақта көбелегі, өрмекші мен кенесіне қарсы осы әдіспен күресуде.  Экологиялық тиімді тәсілді қолдану үшін Мақтарал мен Жетісайда 23 биофабрика жасақталған. Мұнда зиянкес құрт-құмырсқаларды теріп жейтін көбелек тәрізді жәндіктердің 4 түрі өсіріледі.

 

Темірхан Елғонов, Аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

Биологиялық тәсілмен күресу мақсатында трихорамма, этомофактор пайдалануда. Бір гектар жерге бір грамнан. Әр үш күн сайын қойылады. Жалпы біз Жетісай, Мақтарал аудандарындағы 100 пайыз үшінші әулеттің жұмыртқаларын  жоюды мақсат етіп отырмыз.

 

Алайда бірқатар шаруалар бұл тәсілдің тиімсіз екенін айтып отыр.  Өйткені фабрикалар өздері өндірген биореагенттердің зиянкестерді толық жойып жіберетініне кепілдік бермейді. Ал өрмекші мен құрттар жетіліп кеткен соң олармен химиялық күрес тым қымбатқа түседі.

 

Ербол Ералиев, шаруа қожалығының төрағасы:

Бәрібір мына бақша көбейіп кеткен соң химия көп қолданылып жатыр. Сол үшін де дақылдар да бақылауда болуы керек. Мекемелер толық өз жұмысымызды өзіміз атқарамыз, сіздер тек ақшасын төлеп, бақылап отырсаңыздар, біз өзіміз жауап бере аламыз десе, оған да көнеміз.

 

Жалпы Мақтарал мен Жетісай ауданы бойынша биыл 100 мың гектардай жерге мақта егілді. Ауыл шаруашылығы инспекциясы мамандары осы егістіктің жартысынан көп аумағын тексеріп, оның 3 жарым мың гектар жерінде мақта көбелегі, құрты мен кенесінің пайда болғанын анықтаған.

 

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу