Жастардың ел үшін пайдалы жаңа идеяларына қаржылай қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастардың ел үшін пайдалы жаңа идеяларына қаржылай қолдау көрсетіледі

17.07.2019

Жастардың жақсы идеяларына қаржылай қолдау көрсетіледі. Ең бастысы олар ел үшін, қоғам үшін пайдалы болу керек. Тың бастамалары бар жастарға қандай гранттар берілетіні туралы бүгін Өскеменде өткен брифингте айтылды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы халықтың 19,1 пайызын жастар құрайды. Олар әртүрлі бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылып, жан-жақты қолдау көріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тағы да жандана түспек, өйткені елімізде жастарға арналған жаңа жобалар  бар. 

14 пен 28 жас аралығындағы жастарға жақсы мүмкіндік. Елімізде  "Jasa!" деген атаумен жаңа жоба басталды. Өзінің тұрғылықты жерін абаттандыру, экологиясын жақсарту, жалпы креативті идеясы арқылы адамдардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасауға ұмтылған 600 жасқа қайтарымсыз қаржылай грант берілмек.

 

Жансая Ақанова, Жастар қызметкерлері қоғамдастығының «Jasa!» жобасының маманы:

 

600 қатысушы бүкіл Қазақстаннан таңдалады. 610 мың теңгенің 400 мыңы сол жобаға бөлінеді, ал 210 мың теңге сол жобаны іске асыруға арналған тренингтерге бөлінеді.

 

Бизнеспен айналысамын деген жастар да назардан тыс қалмайды. Бұл үшін облыста «Жас кәсіпкер» деген жоба жүзеге асып жатыр. Кәсіпкерліктің тасын өрге домалатамын деген қыз-жігіттердің қаржылай грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Облыстық жастар ресурстық орталығы да 2 жаңа жобаны жүзеге асырмақ.

 

Арайлым Есімбекова, Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

 

Біреуі «Қорғау» деп аталады. Бұл жобада 20 жастар ресурстық орталықтардың барлығында білікті заңгер маман жұмыс істейтін болады. Яғни барлық санаттағы жастарға консультативтік көмек беретін болады.

 

Екінші жоба менторлық бағытта. Мақсаты – жастарға дұрыс жол көрсету, жан-жақты қолдау беру. Шығыс Қазақстандағы жастарға жоғарғы және кәсіптік білімді тегін алуға да жақсы мүмкіндік беріліп отыр.

 

Әсем Нүсіпова, Облыс әкімінің орынбасары:

 

Жоғарғы оқу орындарына түсуге 400 және колледждерде оқуға 7200 грант бөлінеді. Бұл жерде негізгі басымдық көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан ауыл жастарына беріледі.

 

Жастарды қолдау, жақсы білім алып, өзінің жүрегі қалайтын кәсіп ашуға ынталандыру жұмыстары Шығыс өңірінде тұрақты түрде жүргізіледі.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу