Нұр-Сұлтанда бокстан ҚР Президентінің кубогы халықаралық турнирі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда бокстан ҚР Президентінің кубогы халықаралық турнирі басталды

16.07.2019

Бүгін Нұр-Сұлтанда бокстан VII Халықаралық Қазақстан Республикасының Президентінің кубогы басталды. Оған 11 елдің былғары қолғап шеберлері қатысып жатыр. Атап айтқанда, Қытай, Филиппин, Тәжікстан, Сирия, Өзбекстан, Үндістан, Алжир, Ресей, Болгария, Қырғызстан және Моңғолия боксшылары өнер көрсетуде. Ұлттық құрама сапында 57 келіде Қайрат Ералиев, 63 келіде Зәкір Сафиуллин, Санатәлі Толтаев, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов бақ сынайды. Сондай-ақ 75 келі салмақ дәрежесінде Тұрсынбай Құлахмет, Талғат Шайкен, 91 келіде Василий Левит, Айбек Оралбай, одан жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев күш сынасады. Қазақстан Республикасының Президенті кубогы жалпы 8 салмақта өтеді. Алтын медаль алғандарға 2 мың доллар, күміске 1 мың доллар, қола жүлдегерлерге 500 АҚШ доллары беріледі. Бұл жарыста шетелден келген басты фавориттердің қатарында Үндістандық Сингх Бишт, Өзбекстандық Хасанбай Досматов, Алжирден Абдельхафид Беншабла, Тәжікстаннан Баходур Усмонов бар. Бұл жарысқа Ұлттық құрама боксшылары өте жоғары дайындық өткізген. Жарыстың финалдық бәсекелері шілденің 20-сы күні өтеді деп жоспарланған.

 

Ербол МӘНДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу