Ақтөбеде жергілікті билік көпбалалы аналардың арыз-шағымын тыңдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жергілікті билік көпбалалы аналардың арыз-шағымын тыңдады

16.07.2019

«Көп балалы аналардың талабы ескерусіз қалмайды!» Ақтөбеде жергілікті билік өкілдерімен кездесуге 100-ден аса тұрғын келді. Әкімдік қызметкерлері оларды жеке-жеке қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. 

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

 

Бүгін Ақтөбедегі драма театр іші ығы-жығы халыққа толды. Бұлар қандай да бір қойылымды тамашалауға келген көрермендер емес, жергілікті билікпен кездесуге келген көп балалы аналар. Олардың түгелге жуығын баспана алу мәселесі қызықтыратыны белгілі болды.

 

Бибігүлдің отбасымен бірге он жылдан бері пәтер жағалап жүр. Бес баласының үшеуі мектеп жасында. Жолдасы екеуі жиған-тергендеріне баспана салуға бекінгенмен, қалта жұқа. Сондықтан бүгін көмек көрсетуді сұрап, әкімдік өкілдерімен кездесуге кезекті рет келді.

 

Бибігүл Аймағамбетова, көп балалы ана:

 

Мен басында сұрағаным – құрылыс материалдары. Дым шешілген жоқ. Ертең деп, 5 ай болды алдап келе жатыр.

 

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша 22 мыңнан аса адам пәтер кезегінде тұр. Мың жарымы көп балалы ана.

 

Гүлдана Қашкенова, көп балалы ана:

 

Мына үйде тұрам. Бес баламммен, жолдасыммен. Қазір келгенде қамап кетіп отырмын. Үй туралы шығарып салады. Ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ.

 

Бүгінгі кездесуге банк өкілдері де шақырылған. Олар көп балалы аналарға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу жолдарын түсіндіріп берді. Жергілікті билік өкілдері аналардың баспана мәселесін «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы шешеміз дейді. Жақын күндері оған өтініштер қабылдайды. Көп балалы аналар бүгін атаулы әлеуметтік көмек жайлы да сұрады.

 

Нұрия Әбіләкімова, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

 

АӘК алу үшін 8 мыңнан аса отбасы өтініш білдірді. Олардың бәріне де АӘК тағайындалды. 1,5 миллиард теңге ақша жұмсалып отыр.

 

Айгүл Арынғазиева, Қала әкімінің орынбасары:

 

Әр жеті сайын бізде тұрғын үй комиссиясы өз отырысын өткізіп жатыр. Кредиті жоқ,  Жилстройсбербанкте счеті бар аналарға 1 бөлмелі пәтер беру мәселесі сол комиссияның шешімі бойынша беріледі.

 

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында барлығы 7 223 көпбалалы ана тұрады. Әкімдік қызметкерлері олардың талап-тілектерін тыңдау үшін әр апта сайын осындай ашық есік күнін өткізуге дайын.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

Хабарламаларға жазылу