Үржар ауданында Алакөл жағалауын дамыту мәселесі бойынша кеңейтілген жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үржар ауданында Алакөл жағалауын дамыту мәселесі бойынша кеңейтілген жиын өтті

15.07.2019

Алакөл еліміздегі ең керемет демалыс орындарының біріне айналады. Шығыстағы  шипалы су жағасына өткен жылы жарты миллионнан астам адам барған. Және жыл өткен сайын демалушылар саны артып келеді. Қазір бұл жақта инфрақұрылым мен қызмет сапасын жақсартуға көп көңіл бөлініп жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына барып, Алакөлдің шығыс бөлігін дамыту мәселесі бойынша арнайы кеңес өткізді.

 

Алакөл – Қазақстандағы бірігей көлдердің бірі. Оның ұзындығы 104, ені 52 шақырым. Көлге ел жұрт алыстан ат сабылтып демалу үшін ғана емес, ем алу үшін де келеді, өйткені суы шипалы.

 

Гүлжан Бейбатырова, демалушы:

 

Алакөлдің суы жақсы, денсаулыққа ем, пайдасы көп. Алдыңғы жылы келгенімде мұндай емес болатын. Көп өзгерістер болыпты. Жақсы демалып жатырмыз. Жатқан жеріміз де жақсы.

 

Соңғы 4 жылда Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру үшін бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінген. Алдағы 4-5 жылда мұндағы инфрақұрылым мәселесін шешу үшін тағы 30 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Осындай қолдаудың арқасында демалушыларға қызмет көрсететін кәсіпкерлердің бизнесі қарқынды дамыды. Тек олардың арасында түскен табысын жасырып, салықты дұрыс төлемейтіндер бар.

 

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

 

2 жыл бұрын мен сіздерге айтқанмын, 2 жыл сіздерге тиіспейміз деп. Бірақ нәтиже өте жаман. Қазір оны сіздерге біз дәлелдейміз. Кәсіпкерлердің көбі салық төлемейді, бізді алдайды. Сіздер бізді емес, халықты алдап отырсыздар.

 

Облыс әкімі Алакөлдің жағалауында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, арнайы жиын өткізді. Былтырдан бері бұл жаққа пойызбен де жетуге болады. Алдағы 2 жылда тасжол жөнделіп бітсе, саяхаттап келгендердің қатары артпақ.

  

Ирина Тамилова, Барнаул қаласының тұрғыны:

 

Бұл жерде осындай керемет өзгерістер бар деп күтпеп едім. Осыған дейін 6 жыл бұрын келген болатынмын. Қазір барлығы тамаша. Алакөлде болған адам бақытты деп санаймын. 

 

Алдағы уақытта жағалауда су және кәріз құбырлары салынып, 110 киловаттық электр жүйесі пайда болады. Сонымен қатар емдік қасиеті бар родондық суға арналған арнайы құбыр да төселеді. Ол кезде Алакөлде жыл он екі ай демалуға болады.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу